Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

«Мандат пен міндетке адалдықтың салмағы қандай?» - Мәслихат депутаты

1320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында карантинге қатысты шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап коронавирустың алдын алу мен күресуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан берілген тапсырмалардың уақтылы орындалуын облыс әкімі Амандық Баталов басқаратын өңірлік штаб толықтай қамтып отыр.

«Мандат пен міндетке адалдықтың салмағы қандай?» - Мәслихат депутаты

Осы бағыттағы жұмысқа мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерін тартып, төтенше жағдай кезіндегі  іс-әрекетті үйлестіру жоғарғы деңгейде болды деуге толық негіз бар. Елдің бірлігі мен ердің білігі сынға түскен шақта парыз бен жауапкершілік жүгін арқалап жүрген белсенді азаматтардың атқарған ісін айтпай кету әділетті болмас еді. Осы топтың алғы шебінде облыстағы халық қалаулылары да жүр. Жалпы, мәслихат депутаттарының жауапкершілігі облыстың дамуына қажетті қаржылық шешімдерді қабылдауда артатыны анық. Яғни, облыстық мәслихат депутаттарының білім мен білігі, адами және кәсіби қабілеті аймақтағы маңызды жобаларды қаржыландыруға қатысты шешім шығаруда таразыға түседі. Әсіресе, әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет көлемін ұлғайту үшін дауыс беру халық қалаулысына тұрғындардың тыныс-тіршілігінен толық хабардар болу мен өңірдегі ішкі жағдайды бағамдап отыру міндетін жүктейді. Болжамдағы істе нақты есептеу мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау әлеуметтік мұқтаждықты жоюға ғана емес, экономикалық өсімнің артуына да ықпал ететіні сөзсіз. Сол себептен де мәслихат депутаттарына қойылатын талап жоғары болуы тиіс.

-Алматы облысының мәслихаты 19 наурызда кезекті сессиясын онлайн режимінде өткізіп, депутаттар талқысына дағдарысқа қарсы шараны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бағытталған қаражатты тиімді бөлу ұсынылды. Нәтижесінде, халық қалаулылары жалпы сомасы 109,2 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың тиісті салаларға бөлінуін қамтамасыз етті. Осы арқылы біз аймақта 22,8 мың жаңа жұмыс орынының құрылуына мүмкіндік беретін 977 жобаның жүзеге асуын қолдап, дауыс бердік. Жобаға сәйкес бөлінген қаржының 54 пайызы, яғни, 58,9 млрд теңге ақша облыстың немесе 54% 429 әлеуметтік-мәдени саласына жұмсалмақшы. Таратып айтқанда тағы 7 мектеп, 2 бала бақша, 2 мәдениет үйі, 5 дәрігерлік амбулатория құрылысына және су басу қаупі бар аудандарда бөгет пен  суару жүйесін салуға кететін қаржы көлемі бірауыздан мақұлданды, - дейді  Алматы облыстық   мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембінов         .

Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы мен атқарылған жұмыстың сапасын қадағалауға да мәслихат депутаттары толық мүдделі. Бұл бағытта облыстағы қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен арнайы комиссия жұмыс істейді екен. Яғни, депутаттар мақұлдауынан өткен бюджет қаржысының игерілуін осы комиссия бақылайды. Бұл жердегі салмақ та халық қалаулыларына түсетіні анық. Сонымен бірге,  жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссиялар құрамына енген мәслихат депутаттары төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының тұрақтылығын қамтуға байланысты 418 рет рейд өткізіп, аймақтағы азық-түлік қымбаттауына жол бермеуге үлес қосқан екен.

Айтпақшы, осы жерде мәслихат депутаттарының сапалық құрамы мен патриоттық бағыттағы істеріне де тоқтала кеткен жөн шығар. Оның үстіне, жетісулық халық қалаулылары жерге қарап отырған жандар емес, кілең ел алдында беделді, іскер азаматтар. Мәслихат депутаттары да сындарлы шақта әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырым жасауға да мейлінше үлес қосып жүр.

-Халық қалаулылары әлеумет алдындағы жауапкершілік ұғымына адалдығын бюджет қаржысының бөлінуі мен жұмсалуына қатысты ғана емес, қайым ісіне үлес қосу арқылы да нақты іспен көрсетіп отыр. Мысалға, облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары «Біргеміз» акциясы шеңберінде 24136 мұқтаж азаматқа жалпы көлемі 63,2 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмегін көрсеткен екен. Оның ішінде облыстық мәслихат депутаттары 63,2 млн теңге және аудандық мәслихат депутаттары 31,5 млн теңге қаржы жұмсаған. Бұл – әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттер мен көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған нақты көмек. Осы жерде көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу беру бастамасын елімізде алғашқы болып біздің әріптесіміз, облыстық мәслихат депутаты, талғарлық іскер азамат Асқар Сүлейменов қолға алғанын айтсақ та жеткілікті. Өткен жылы ол облыс әкімінің өтінішімен бір мұқтаж отбасына өз қаржысына ү сатып алып берген болатын. Игі бастама жалғасын тауып, облыста жүзден астам көпбалалы отбасы жеке баспаналы болды. Мұндағы негізі үлес мәслихат депутаттарына тиесілі, - облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов.

Айтпақшы, кәсібін дөңгелетіп отырған депутаттар өздері басқаратын кәсіпорындардың өнімділігін арттыру арқылы өңір экономикасына қомақты үлес қосып келеді. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты В.Хильниченконың «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі төтенше жағдай кезінде жұмыс қарқынын төмендетпей, жалпы көлемі 109,2 млн теңгенің өнімін өндірген екен. Ал облыстық мәслихаттың депутаты З.Кузиев басқаратын Жаркент крахмал-сірне зауыты, «Универсал» және «ЕКЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімділігі 76,5 млн теңгеге жетіпті. Сол сияқты Балқаш аудандық мәслихаттың депутаты Г.Абдукулов басқарып отырған «Бақанас Астық» шаруа қожалығы 50,4 млн теңгенің өнімін және облыстық мәслихаттың депутаты Т.Ботабековтің қарамағындағы «ВТК-Group» серіктестігі 30,6 млн теңгенің өнімін шығарып, өндіріс ырғағын бәсеңдетпей әрі жұмысшылардың табысын төмендетпей ілгері қадам басып отыр. Жалпы, облыс бойынша халық қалаулыларына қарасты 102 кәсіпорындар жалпы көлемі 453,9 млн теңгенің өнімін дайындап, 374 жаңа жұмыс орындарын ашқан екен.

 

Алматы облысы