Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Шарын ұлттық паркінде альбинос-қарақұйрық мекен етеді

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәуір айының басында Шарын ұлттық паркінің қызметкерлері бір топ қарақұйрықтың ішінде жүрген альбинос-қарақұйрықты байқап, бейнеге түсірген болатын. Ұзақ уақыт өтпей, түсімен ерекшелінген тұяқты жануар парк аумағында жүргізілген әуе санақ кезінде тағы да инспекторларға жолықты. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шарын ұлттық паркінде альбинос-қарақұйрық мекен етеді

Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, табиғатта мұндай құбылыс жиырма мыңның бірінде ғана кездеседі екен.

Қарақұйрықтың көрікті болғанымен, өмір сүруі өте қиын. Жыртқыш аңдардың көзіне бірден түсіп, альбиностарға тән түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Ұлттық парк қызметкерлері мен «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары бұл ерекше түсті тұяқтыны назарда ұстайтын болады.

Қарақұйрық – жұптұяқтылар отрядына жатады. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. ІІІ санаттағы саны қысқарып бара жатқан түр. ХХ ғ. Ортасына дейін Каспий теңізінен Іле ойпатына дейін барлық шөлейтті және шөлді аймақтарда тегіс мекендейтін.

Негізгі мекен ортасы – сексеуіл, жүзгін, жыңғыл өскен құмды, тасты және сазды шөлдер мен тау етектері. Мекендеріне қойылатын талап – су көзінің болуы, қыста қардың аз түсуі және мекендердің жақсы қорғануға мүмкіндігінің мол болуы.

ХХ ғ. ортасына дейін Қазақстанда 200 мыңдай бас болса, оның 100 мыңдайы Маңғыстау облысының аумағында тіршілік етті. Бүгін де Қазақстанда 20-25 мыңдай қарақұйрық мекен етеді.

Басты қауіп – браконьерлік, малшылардың иттерінен зардап шегуі. Шөлді аймақты игеруге байланысты оларды қолайлы қоныстарынан ығыстыруы және үлкен магистральды тас жолдардың пайда болып, көшіп-қонуына әсерін тигізуі.