Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Атырау: Теңіз кенішінде ахуал тұрақтала ма?

1259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кешеден бері Теңіз кенішінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл комиссия  өткен аптада Атырауға арнайы келген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жүктеген тапсырмалардың  орындалу барысын тексеруде.

Атырау: Теңіз кенішінде ахуал тұрақтала ма?

Арнайы комиссияның құрамында Атырау облысы әкімінің екі орынбасары, облыстық департаменттер мен құқық қорғау органдарының, «Теңізшевройл» ЖШС-нің басшылары және облыстың бас санитарлық дәрігері, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов та бар.

Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжанов «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер мекемелерінің қызметкері емес тұлғаларды анықтау үшін Теңіз кенішіндегі барлық ауысымдық лагерлерге тексеріс жүргізуді тапсырған еді. Сонымен бірге карантинге жабылған вахталық аймақтарға кіріп-шығуға блок-посттар орнату, санитарлық-дезинфекция режимін сақтауды қамтамасыз ету жүктелді. Атырау облысының әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС-не  алгоритм әзірлеу,  егжей-тегжейлі жоспар дайындау,  қызметкерлерді ауыстыру, инфекция ошақтарын оқшаулау, сондай-ақ, кен орнындағы жұмысшылар арасында қауіпті дерттің  таралуын болдырмау,  инфекцияны Атырау қаласына кіргізбеу тапсырылды.

–Арнайы комиссияның бірінші күнгі жұмыс қорытындысымен ТШО мердігерлерінің орналасқан жерін анықтау жоспарын құру, карантиндік аймақтарға бақылаусыз кіруге тиым салу, кезекшілікте тұрған адамдардың санын анықтау, өндіріс процесіне қатыспайтын адамдардың орнын тексеру, оларды шығаруды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қызметкерлерді тестілеуден өткізу кестесін де жасаған жөн. Бұған қоса,  сапалы эпидемиологиялық тексеріс қажет, деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Аталған комиссия мүшелері бірнеше күн бойы Теңіз кенішіндегі жағдайды тұрақтандырып,  қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясының алдын алу үшін бірқатар нақты шараларды қабылдайтын болады.  Сонымен бірге  комиссия  вахталық мерзімі аяқталған  қызметкерлерді  тұрғылықты мекенжайына шығаруды  жеделдету жоспарын әзірлейді.  Кен орнында бірнеше күн бұрын ашылған  230 орындық инфекциялық стационардың қызметіне, карантиндік орталықтардың жай-күйіне, індет жұқтырғандармен байланыста болғандарды оқшаулау жұмысына, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетін болады.