Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Биыл Жамбыл облысында 283 жол-көлік оқиғасы тіркелген

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаев ағымдағы жылдың 4 айында облыстың автожолдарында 283 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Алайда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 23,9 пайызға төмендеген болса, қаза болғандардың саны 3,7 пайызға артқан. Ал, жараланғандардың саны 37,0 пайызға азайған.

Биыл Жамбыл облысында 283 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғалар саны 38,6 пайызға төмендеген. Қаза болғандардың саны 45,5 пайызға және жараланғандардың саны 56,0 пайызға азайған. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 33 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның төмендеу көрсеткіші 47,6 пайызды құрап отыр. Салдарынан 13 адам қайтыс болып, 49 адам жарақат алған. Сол сияқты, қалалар мен елдімекендердің көше-жол желілерінде 196 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар, Жайдарбек Құттыбаев 2019 және 2020 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша облыста тіркелген көлік құралдарының саны 85,3 пайызға өскенін атап өтті. Көлік санының артуы жол-көлік апатының өсуіне едәуір әсер етуде екенін айтты. Сондай-ақ, полиция полполковнигінің айтуынша, жолдардағы апаттылықты тудыратын негізгі факторлар жүргізушілердің төмен тәртібі мен елдімекендердегі жолдардың нашар жағдайы. Полиция департаментімен ағымдағы жылдың 4 айында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың 12 мың шақырымнан астам автожолдары тексерілген.

«Жыл басынан бері облыс орталығының аумағында 98 бағдаршам нысаны қалпына келтіріліп, 12 негізгі қиылыстарда «Ақылды бағдаршам» бағдарламалық қамтамасыз ету  қондырғысы орнатылды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік жарақаттылығының алдын алу мақсатында, жыл басынан бері Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Қауіпсіз жол», «Автобус» және «Құқықтық тәртіп» алдын алу іс-шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің жанында, сондай-ақ, қаланың негізгі көшелерінде «Жаяу жүргіншілер өткелі» жол белгілері жарықдиодты шамдарға ауыстырылды және оқушылардың макеттері орнатылды. Полиция департаментімен 2020 жылдың басынан жол- көлік ережелерін бұзуға қатысты 30 599 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды. Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары Тараз қаласы және аудандарда 10-нан астам локальді жұмыстар ұйымдастырды. JAC автокөліктері негізінде 10 дана «Арқан» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені сатып алынды», деді Жайдарбек Құттыбаев.

 

Жамбыл облысы