Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар 217-ге жетті

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы тәулікте Жамбыл облысында коронавирустық инфекция жұқтырудың тағы 9 жаңа жағдайы анықталды. Тараз қаласының үш тұрғынынан коронавирусқа алынған талдаулар оң нәтиже көрсеткен. Олардың бірі 57 жастағы ер адам. Ол бұған дейін науқаспен байланыста болған тұлға ретінде карантиндік стационарға оқшауланған.

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар 217-ге жетті

Ауруханадан шығарар кезде зертханалық тексеру қорытындысы аталған тұлғада инфекцияның бар екенін растаған. Сондай-ақ қауіпті індет 1975 және 1998 жылы туған Талас ауданының екі тұрғынын да анықталған. 45 жастағы әйел азаматта диагноз жоспарлы емдеуге жатқызу барысында расталған.

Сондай-ақ Меркі мен Байзақ ауданының екі тұрғынынан алынған қан талдауы да оң нәтиже көрсеткен. Аталған екі ауданның 1951 және 1983 жылы туған екі тұрғындары да бұған дейін науқастармен байланыста болған. Сонымен қатар, індет Атырау облысының Теңіз вахталық кентінде жұмыс істейтін 1966 және 1985 жылы туған екі ер адамнан табылған. Белгіленген алгоритм бойынша, Жамбыл өңіріне келгеннен кейін олар карантинге алынып, аталған азаматтарға зертханалық зерттеулер қорытындысымен COVID-19 диагнозы қойылған. Барлық науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Олармен байланыста болған тұлғалар анықталып, карантинге алынған. Ошақтарда дезинфекция шаралары жүргізілген.

Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі жағдай бойынша өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 217 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында 98, Байзақ ауданында 27, Жамбыл ауданында 6, Қордай ауданында 45, Меркі ауданында 6, Шу ауданында 2, Талас ауданында 2 және Мойынқұм ауданында 1 жағдай анықталған. Сондай-ақ, «Дели – Тараз» рейсіндегі жолаушылардан 6, Атырау облысындағы Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 24 оқиға анықталып отыр. Бүгінде індетке шалдыққан 142 адам емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылған.

 

Жамбыл облысы