Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Жол инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы керек

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СҚО-да жол сапасы үлкен проблеманың бірі. Сапасыз салынған жолдар аз уақытта бұзылып жатады. Ал дұрыс жолдарды күтіп ұстауға тиісті қызметтер талапты жеткілікті дәрежеде орындамайды.

Жол инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы керек

Петропавл қаласының көшелерінде ойдым-ойдым шұңқырлар, тесілген, жарылған жерлер көп. Жол жөндеушілер кейде жөндеуді бастап, жолды ойып, оны бірнеше күн бойы қалдырып кететін кездері де болады. Бәлен миллионға алған көліктері осындай жолдардың кесірінен істен шығып жатқанына назаланған тұрғындар да жетерлік.

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жылдың басынан бері жолдарды дұрыс күтпейтін 60 кәсіпорынның басшыларына және темір жол үстінен өтетін жолды күтіп ұстауға тиісті 13 лауазымдық тұлғаны  әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды. «Асфальт опырылып, ойдым-ойдым жерлердің пайда болуы – Жұмысшы кенті сияқты қаланың бірқатар ықшам аудандарында жиі кездеседі. Ондайларға біз әкімшілік хаттамалар толтырамыз. Биыл барлығы 73 хаттама толтырылған еді, соның 60-сы жолды күтіп ұстауға жауапты лауазымдық тұлғаларға қатысты толтырылды»,- деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Евгений Гокин.

Әкімшілік полиция жолдың жағдайын ғана емес, жол инфрақұрылымының барлық элементтерінің қалыпты жағдайда болуын қадағалайды. Жолдағы қауіпсіздік әсіресе, жаз айларында жол белгілеріне, жолақтардың айқын болуына, бағдаршам сигналдарының анық көрінуіне байланысты болып келеді. Жаздың басынан бері жол күтетін ұйымдар 300-ден астам жол белгісін тазалап, жаңадан бояған, сондай-ақ жол белгілерін жауып тұрған ағаш бұтақтарын кескен. Шаң-тозаң басқан 35 бағдаршам тиісті жағдайға келтіріліп, жол белгілері қайта боялып, ойдым-ойдым жерлер жөнделген.

Бұл - әкімшілік полицейлерінің 4 мың км-ге жуық облыс жолдарын зерделеп, 680 кемшілік анықтағандығының арқасында жедел іске асырылған шаралар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы