Суретте: Көгалдағы хоккейдің шебері Саян Шаймерденов әкесі Сафуан және анасы Бағдатпен бірге
Сәбеңнің қамшысы
Көгалдағы хоккейде арғымақ аттай арындап шапқан Саян Шаймерденовті спортқа жетелеп алып барған адам – әкесі, үлкен жазушы Сафуанның өзі. Бұл алпысыншы жылдардың ортасы, допты хоккей енді-енді қанат жайып келе жатқан заман. Бала Саян кішкентай күнінде тыным таппай тыпыршып далаға жүгіретін. Қарашада қырбақ қар түсіп, желтоқсанда майда қоңыр таудың самалына бауырын жібітіп, қаңтар түссе қататын ауладағы көктайғақта балалармен бірге коньки тебетін.
Ол заманда қазіргідей заманауи коньки жоқ. Жоқ емес-ау, өте аз. Екінің бірінің қолына түсе бермейді. Бірақ оған қарап жатқан Саян жоқ. Қолына түскен кендір жіппен темір конькиді пимасына шандып байлап ауланы айнала шабады. Одан қалды көрші ауланың балаларымен жарысады.
Бірде мынадай қызық бопты. Атақты Сәбең, яғни заңғар жазушы Сәбит Мұқанов ауылдас інісі Сафуанға жіңішкелеп тілінген сегіз өрім таспалы қамшы сыйлапты. Оны Сафекең тәберік ретінде қақ төрге іліп қояды. Аяғына байлаған кендір жібі үзіліп, мазасы кеткен Саян үйге кіріп келіп, қақ төрде тербеліп тұрған қамшыға көзі түседі. Күлімдеп барып қолына алады. Қамшының тұйық ұшын тарқатып көрсе, шашырайтын түрі бар. Жіңішке қайыс таспа коньки байлағанға табылмайтын құрал сияқты. Көктен іздегені жерден табылғанын қарамайсыз ба?!
Бала Саян отыра қалып тәберік қамшыны тарқатады. Жұмсақ иленіп, шебер тілінген жіңішке қайыспен темір конькиді қара пимаға байлап алып, арындап аулаға шығады. Аттай тулап, коньки тебеді. Қолды-аяққа тұрмай сырғанайды.
Үйдің кіреберіс есік көзінен өрімі жоқ, қамшының жұрнағын көрген Сафуан әке бір сәт тосылып қалды да, аулада сүтке тойған құлындай шапқылып жүрген ұлын көріп, кең қабағын бір қайшылаған да қойған. «Қуаты бойына сыймай жүрген бұл ұлды коньки тебетін хоккейге бермесе болмайтын түрі бар...». Оның бер жағында ауланың тайғақ мұзы наурыздың ортасында буға айналып, көкке ұшып жоқ болады. «Қой, бұл баланы одан да жыл он екі ай мұзы ерімейтін спорттық айдынға алып барайын!» Осылай көреген әке 12 жасар бала Саянды Алматыдағы «Динамо» стадионына жетелеп әкеліп, мұз үстіндегі допты хоккейдің жас бапкері Владимир Алешиннің қолына тапсырды.
КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ
«Іздегенге, сұраған» дегендей, Саян Сафуанұлы басқалардай емес, тез шиырықты. Айналасы төрт жылда кәдімгідей «сен тұр, мен атайын» дәрежеге жетті. Тіпті допты хоккейдің екі түрімен (мұз үстіндегі және көгалдағы) қатар айналысты. Қысқасы, қысы-жазы дамыл таппады. Оның сыртында мектеп қабырғасында оқып жүрген баланың сабағы тағы бар.
Сонымен Саян бала 1971 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақ Мемлекеттік денешынықтыру институтының студенті атанды. Осы жылы атақты «Динамоның» жастар құрамына қабылданып, тарихта тұңғыш рет көгалдағы хоккейден Алматыда өткен жастар арасындағы КСРО біріншілігіне қатысты. Саян өнер көрсеткен динамолықтар іріктеу сынында өз тобында көш бастап, соңғы турға өткен төрт команданың бір болды. Олар: Свердловскінің «СКА»-сы, Горькийдің «Старты», Сызраньның «Торпедосы» және Алматының «Динамосы».
Алматылықтар осы жарыста тұңғыш рет КСРО чемпионы атанды. Ал «Динамоның» ересектері шешуші сында Ульяновксінің «Волга»-сына жол беріп екінші орынға тұрақтады.
Атақты бапкер Эдуард Айрихтің қырағы жанары Саянды жіті қадағалап жүретін. Нәтижесінде, Эдуард Фердинандович 1973 жылы оны ересектер құрамасының қатарына қосты. Саянның бала күнгі арманы осы еді ғой. Имек таяғын иіріп, көк жүзінде жебедей жүйткіген сұқсыр үйректей жарқылдады. Міндеті – құраманың жартылай қорғаушысы.
Осы жылдың жазында көгалдағы хоккейден ересектер арасында КСРО біріншілігі жалауын көтерді. Сынға түскен 16 команданың ішінен алматылықтар топ жарып, Саян Сафуанұлы қазақ ұландары арасынан КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды.
1976 жылы көгалдағы хоккей мен мұз айдынындағы хоккей ресми түрде бөлінді. Бұрын ойыншылар екеуіне бірдей қатыса беретін. Оған тыйым салынды. Саян көгалдағы хоккейге барды әрі команда капитаны атанды. Тағы бір есте жүрерлік дүние, 1977 жылы Саян Шаймерденов көгалдағы хоккейден КСРО-ның ең үздік 22 ойыншысының бірі атанып, алып держава КСРО құрамасының капитаны тізгінін қолына алды.
Дара туған талант
Саян Сафуанұлы – қазақ спортының жарық жұлдызы десек жарасады. Әттең, өмірден ерте озды. Абай атамыз айтқандай, «жарқ етті де, жоқ болды». Бірақ артына құйрықты жұлдыздай өшпес із тастап кетті. Оның ойын өрнегі мен шеберлігі жайлы атақты бапкер Э. Айрих 1970-жылдардың аяғында «Ленинская смена» газеті тілшісіне берген сұхбатында: «Саян дара туған талант, ғажайып хоккейші, ол алаңда болмаса команданың ойыны қиыспайды. Шабуыл сүреңсіз көрінеді. Саян алаңға шықса, жұдырықтай допты өзіне магнитше тартады. Команданың орталық шабуылы осы жігітке сеніп тапсырылған...» депті.
Атақты бапкер айтса айтқандай, кезекті бір Одақ біріншілігінде алматылықтар кәнігі қарсыласы Свердловскінің «СКА»-сымен жан беріп, жан алысып айқасып жатқан. Біздің команда чемпион атану үшін жалғаз ұпай керек. «Динамоның» сайыпқыран ойыншылары Александр Гончаров, Михаил Ничепуренколар армияшылардың осал тұсын таппай қан сорпасы шықты. Соққысы жайдың оғындай Александр Ионкиннің атқан добы далаға кетіп команда ойыны қожырай бастайды. Қажеті жалғыз-ақ доп. Қол созым жердегі чемпиондық атаққа жете алмай динамолықтар тарыға бастады. Ойынның аяқталуына 15 минут...
Не істеу керек? Бас бапкер Эдуард Фердинандович қиналғанда ататын соңғы «оғы» қапталда отырған Саянды ойынға қосады. Дәл осы сәтте төреші динамолықтардың пайдасына айып добын белгілейді. Оны Ионкин шірене тұрып тартып жіберді. Зымарай ұшқан доп оқтай зулап барып, қақпашының таяғынан табылып, қайтадан кері серпілді. Манадан бері «шіркін жеңіс, тарыға шапқан тауықтай келгенің бе» деп іштей қуанып тұрған алматылықтардың үміт оты суық су құйып жібергендей сөне берді, сөне берді... Қақпаға кірмей қайтқан доп, қалықтап алаңның ортасына қарай ұшып келеді, ұшып келеді...
Осы сәтте алаңның жиегіне еніп үлгерген Саян қалықтаған допқа қарай құстай ұшты. Бастабында оны ешкім аңдаған жоқ. Тіпті армияшылар жеңіс тойын тойлауға қамдана бастаған сыңайлы. Дүние күрт өзгерді. Әуелеген допты жерге түсірмей имек таяқпен қарқып үлгерген Саян оны қарсылас қақпасына қарай қайыра зымыратты. Жаудың бетін қайтарып масаттанып тұрған қақпашы ес жиып үлгерген жоқ, артындағы қақпада тулап жатқан допты көрді. Осылай алматылықтар Саян Сафуанұлының арқасында төртінші дүркін КСРО чемпионы атанды.
Бұйырмаған бақ
1979 жылы Шаймерденов көгалдағы хоккейден Кеңес Одағын толық мойындатты. Жалпы дерек үшін айта кеткен дұрыс болар, ересектер арасында «Динамо» сапында КСРО чемпионы атағын жеті мәрте жеңіп алған үш ойыншы бар. Олар: Саян Шаймерденов, Фарид Зигангиров және қақпашы Минеула Азизов.
1980 жылы динамолықтардың сапынан тоғыз ойыншы КСРО құрамасында өнер көрсетіп жүрді. Бұл енді Мәскеу олимпиадасына қазақстандық тоғыз спортшы қатысады деген сөз. Олар: шабуылшы – Саян Шаймерденов, Михаил Ничепуренко, Александр Гончаров, қорғаушы – Игорь Рыжков, Фарид Зигангиров, жартылай қорғаушы – Олег Загородиев, Александр Мясников, Александр Ионкин, қақпашы – Минеула Азизов болатын.
Олимпиаданың басталуына бір ай қалғанда КСРО құрама мүшелері дәрігерлік бақылаудан өтетін болды. Медициналық тексеру Саянды «ауру» деп тапты. «Бауырында ісік бар, спорттық жарыстарға қатысуға болмайды». Саян аң-таң. Өмірде мұндай ауру барын алғаш рет дәрігерден естіп тұр. Басқасы басқа, дүниенің дүбірлі додасы Олимпиадаға қатыспайтыны жанын жегідей жеді.
Ол кезде Эдуард Фердинандович сырқаттанып ауруханада жатқан. Жүгіріп ұлттық құраманың бас бапкері Михаил Осинцевке барды. «Ағатай-ау, менде сырқат жоқ, бұл не сұмдық!» Бас бапкер: «Дәрігерлер қателеспейді, шырағым, бар да емдел!».
Бұйырмаған баққа шара бар ма, Олимпиаданы Саян көрермендер ортасында отырып тамашалады. Кеңес құрамасы қола медальға қол жеткізді. Мүмкін команда капитаны сайыпқыран Саян ойнағанда құрама күміс, бәлкім алтын алар ма еді...
Бір қызығы Олимпиадан кейін «көреген» дәрігерлер Саянның алаңға шығуына ұлықсат берді. Жоғарыдағы оқиғадан кейін ой түйген Саян командаға қазақ азаматтары: Серік Қалымбаев, Марат Маңғыбаев, Сұлтан Қобыландинді тартты. Осы інілеріне қамқор бола жүріп, 1982 жылдың жүзін көрді.
Саянның спорттық өміріндегі елеулі жетістігі – 1982 жылы КСРО-ның азулы алты командасы қатысқан турнирде топ жарып, Еуропа чемпиондар кубогы сайысына аттануы еді. Франция астанасы Париж қаласында өткен жарыста Саянның командасы алтын медалін жарқыратып жеңіспен оралды. Осы жылы динамошылар тоғызыншы дүркін КСРО чемпионы атанды.
Осы жылдың соңында Саян Сафуанұлы үлкен спортпен қош айтысты. Алматыдағы РШВСМ-да бапкер болды. Бірақ көп жыл бірге жүріп, біте қайнасқан ортасын бір сәтте тастап кету оңай болмаған сыңайлы. Командалас досы Фарид Нұрғалиұлы айтады: «Саян алғашқы айларда РШВСМ-дағы жұмысы аяқтала салысымен бізге жетіп келетін. Біз жеңіске жетсек қуанып, сәтсіздік көрсетсек ренжіп жүрді. Спортқа жан-тәнімен берілген Саян сияқты адамды кездестіру қиын. Біртуар тұлғаның қадірін дер кезінде біле алмадық» деді.