Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Теңіз кенішіндегі ахуал әлі күрделі

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішіндегі ахуалмен танысып,  шұғыл жиын өткізді.

Теңіз кенішіндегі ахуал әлі күрделі

– Атырау облысында жағдай тұрақтанғанымен, Теңіз кенішіндегі ахуал әлі де алаңдатып отыр, - деп мәлім етті аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов. – Қазіргі кезде  Теңіз  кенішінде орналасқан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықталды. 20 мамырдағы мәлімет бойынша, 615 науқастың 594-і стационарға жатқызылды. Жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.  

Жиын барысында облыс әкімдігі тарапынан құрылған арнайы штабтың атқарушы басшысы Аслан Бекжанов, Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин, Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс операциялары жөніндегі  менеджері Гарри Энк қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Жиынды қорытындылған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясының басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақылау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдету бар.

Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесе жұмыс мерзімі аяқталған  қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарға сәйкес шығару жоспарын әзірлеуді жүктеді.