Абай • 22 Мамыр, 2020

Абайтану – ХХI ғасыр көгінде

1229 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

(Жалғасы. Басы 97-нөмірде)

Абайтану саласында ғылыми-зерт­теу ісімен айналысатын Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­ти­тутының абайтану бөлімі, Абай атын­дағы ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінде ашылған абайтану ғылы­ми-зерттеу орталығы, Әл-Фараби атын­дағы ұлттық университетіндегі абай­тану ғылыми-зерттеу институты және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан облыстық университетіндегі жаңа­дан ашылған Немат Келімбетов атын­да­ғы гуманитарлық ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тындағы абайтану тобы, т.б. зерттеу орта­лықтары баршылық. Бірақ бұлар бір-бірі­мен байланысы жоқ, не істеп жатқаны беймәлім бытыраңқы күйде келе жатыр. Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт-бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды.

Абайтану – ХХI ғасыр көгінде

Енді елордадан ашылатын Абай­та­ну ғылыми-зерттеу институты осы кем­шілікті бір ыңғайға келтірер. Өзі­нің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ортақ бағыт-бағ­да­ры арқылы істі жүзеге асырар деген үкілі үміттеміз. Бұл үкілі үміт жүзе­ге асуы үшін республикадағы абай­та­ну­шы ғалымдардың басын қосып, ғы­лыми теориялық семинар ұйым­дас­ты­рып, пікірлер ағысын айқындап жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ ба­ғыт-бағдарымызды нақтылы түрде ай­қын­­дап алуымыз аса қажет. Осы тұр­ғы­дан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға салудың және басқалар тарапынан қосымша толықтырулар болар деген үміт­теміз.

1

Абайтануды кеңестік билік кезін­де коммунистік тоталитарлық идео­ло­гия­ның шеңберінде қысып ұстағаны бел­гі­лі. Әсіресе ақынның әдеби мұрасын танып білуде әдебиеттің таптық, пар­тия­лық талабы шешуші орында тұрды. Осы талап тұр­ғы­сынан ойшыл ақын мұрасының орыс әде­бие­тімен байланысты ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының басым түсіп, зерттеу еңбек­тері осы тақырыптың айналасынан шыға алмай жүргені көп мәселенің сырын аңғартады. Яғни Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірінші саласы Абайдың қазақ әдебиетіне қарым-қатынасы десек, бұл бағыт бо­йынша бірлі-жарым зерттеу еңбектері жазылғаны болмаса, ірі, салалы, жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмей келеді. Ал Абайдың шығысы мүлде зерттелмей атаусыз қалды. Есесіне бұл құбылыстың бәрі де кеңестік дүниетаным тұрғысынан на­си­хатталып жатты. Оқырман атау­лы­ның ой санасы мен түсінігіне осы таным ұялап, жаулап алды. Әбден ойға ұялап, са­на­ға сіңіп қалған кеңестік танымнан оңайлықпен құтыла алмаймыз. Ендігі мақ­сат – зерттеліп жазылған көптеген ғылыми еңбектің идеялық ықпалынан оқыр­ман санасын арылту үшін жаңа дүние­таным тұрғысынан ақын мұрасына деген жаңаша бағыттағы насихатты кү­шей­­ту уақыт талабына айналғанын білу қажет­тілігі туындап отыр.

2

Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы – басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақынның дүниенің көрінбеген сырын танып-білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып-білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып-білу. Абай ой-танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой-пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған. Соның бір тармағы жан мен тән туралы:

Ақыл мен жан – мен өзім,

тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің»

мағынасы – екі.

Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел

бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – деп өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығар­­ған ой қазынасын бір шумаққа сый­дыр­ған ақынның пәлсапалық ой толғаныстарының сыры мен мән-мағынасы бүгінге дейін толық жан-жақты шешімін таппай келеді. Бұл бір шумақ өлеңнің мән-мағынасын қарапайым тыңдаушы мен оқырманның өзі де бірден түсініп кетуі өте қиын. Осы қиындықты жете ұғынған қытай қазағынан шыққан ірі ақын Ақыт Үлімжіұлы 1930 жылы Абай кітабымен тұңғыш рет танысқан соң, ойшыл ақынның мағынасы терең ой-пікірін тыңдаушысына жеңілдетіп беруге кіріскенде «Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Ғақлиялық үндеулер» деп ат қойдым» деп ескертетіні бар. Мысал ретінде алар болсақ, Абайдың «Ақыл мен жан мен өзім» деген өлең шумағын тыңдаушы ұғымына лайықтап, жеңілдетіп:

Ойласаңдар жігіттер,

Тән өледі, жан өлмес.

Денеден шығып кеткен соң,

Қайта айналып, ол келмес.

Мені менен менікі

Айрылғанын ел білмес.

Мен дегенің жан болар,

Менікі деген тән болар.

Жан кеткен соң байқаңыз

Тәнде қандай сән қалар.

(Ақат Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы. Кония) деп сол кездегі қытай қазақтарының ұғымына түсінікті етіп жеткізуге ұмтылған. Бұл әрекет қазірдің өзінде қалың оқырман ой-танымына жеңіл әрі жетімді түрде қабылданатынын көріп отырмыз.

Кеңестік танымдағы философтар Абайдың осы ой-пікірін негізінен идеалистік танымға жатқызып, теріс мағынада насихаттап келді. Абай осы өлеңінде «мен», яғни жан өлмейді дей отырып, жанның өлмеу сырының екінші бір көлеңкелі жұмбақ сырын ашып кететіні бар. Ол «жан» деген адам баласы жан қуаты арқылы өзінің өмірден ізденіп танып білгенін ой сарабынан өткізе отырып:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп жанның екінші бір бүркеулі тылсым сырын ашатыны бар. Адам өмірден көрген-білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой-пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Абайдың өз өмірінен түйген сырын немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Абай сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы – «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен. Немесе Абай­дың «Алла деген сөз жеңіл» өлеңін философтардың біреуі де шындап білуге ұмтылған емес. Себебі олар бұл өлеңнің идеялық мазмұны дінге байланысты деп қарады. Өйткені діни ой-пікірді атеистер терістеп жоққа шығаратын. Осы өлеңдегі «Ақыл мен хауас барлығын, білмейдүр, жүрек сезедүр» деген өлең жолын академик С.Мұқанов алғаш рет өзінше талдап көрді. Бірақ «ақыл» сөзі мен «хауас» сөзін екі бөлек ұғым деп қарады. Себебі Абай өлеңдер жинағында осы тұрған қалпында басылып келеді. Сондықтан С.Мұқанов екі сөзді екі бөлек ұғым деп текске сеніп қалып, мағынасынан адасты.

Аспирантурада оқып жүрген кезімде мен де Сәкеңе ілесіп біраз жыл жете түсіне алмай адасқаным бар. Келе-келе өлең мәтініне күдіктене бастадым. Екі сөзге қарап (ақыл, хауас) мағыналық жағынан талдағанда логикалық ұғым талабына үйлесе бермейді екен. Осыдан кейін бұрынғы өлең тексін өзгертіп:

Ақылмен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр,

деген қалыпқа салып қарадым, яғни екі сөз арасындағы «мен» деген жалғау­лық­ты «ақыл» сөзіне қосып, «ақылмен» деп жазып едім, түп мағынасы кенеттен ашыла кетіп, қуанышқа бөленгенім бар. Сонымен бұл өлең жолының мағынасы түп иені (хауасты) ақылмен тани алмай­сың, оны жүрекпен сезесің болып шығады екен.

Абай қолданысындағы хауас сөзінің үш түрлі мағынасы бар: Біріншісі, хауас – арапша түйсік, сезім. Екіншісі, сыртқы бес сезім мағынасында. Үшіншісі, хауас – сәлим, яғни ішкі, сыртқы он сезім мағынасында. Түп иені ақылмен тани алмайсың, жүрекпен сезесің дегені сопылық танымның өзекті пәлсапасына соғады екен. Өткен жылдары Нұр-Сұлтандағы ақын, жазушы, ғалымдар Абайдың өлең жолындағы «Махаббатсыз дүние дос» дегенді «Махабатсыз дүние бос» болуы керек деп пікір таласына түсіпті. Шынында, Абайдың «дүние дос» деп жазғаны дұрыс. Өйткені «дүниеге дос» адамнан махаббатқа деген қастерлі асқақ сезім шықпайды. Одан Мағжан айтатындай «Қарын деген сөзді ғана жаттаған» дүние­қоңыз, нәпсі құлдары шығады.

3

Ең күрделі әрі келешекте жан-жақты терең зерттелетін зор мәселенің елеулісі қазақ әдебиетінің сопылық танымға қарым-қатынасы туралы таным болмақ. Бұл мәселені түбірінен қазып шешпей әдебиет тарихындағы пәлсапалық лириканың пайда болу, өзіндік даму жолын толық танып-біле алмаймыз. Бұл аса күрделі әрі шетін мәселеге тұңғыш рет қалам тартқан академик Мұхтар Әуезов. М.Әуезовтің абайтану туралы ізденіс жылдарында қағазға түскен, бірақ баспасөз бетіне жарияланбаған үзік пікірлері мен терең ой-толғаныстарының 97 дерек-мағлұматтарын іздеп тауып, «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» деген кітапты жариялап та үлгердік. Осы кітапта Абайдың Ясауидің «Диуани хикметіне» қарым-қатынасы көрініс берген. Мұның үстіне «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайдың «Диуани хикметті» баласына оқытып, ойға батқан толғанысын шебер суреттеп жеткізуі де жай көрініс болмаса керек-ті. Бірақ 1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы зәрін бойына жинаған сұр жыландай суық түсті қаулысы шығып, М.Әуезовті шығысшыл деп, жерден жеті қоян тапқандай әдебиет полицайлары жабыла сынап, қуғынға түсірсе, Абайдың шығысы жайлы мақалалар жазған доцент, білгір зерделі ғалым Ә.Қоңыратбаевты Қызылорда облысына қудалап, жер ауда­рып қаңғыртып жібергенін көрдік. Осы жағдайға саяси жағынан сақтанып, «әдеби маневр» жасап қуғындалған М.Әуезов «аузы күйген үріп ішеді» дегендей тартына сөйлеп, қамыққан күндерінің бірінде Ясауи мұрасы туралы қалдырған жазба пікірінде «...Абайдың Науаи, Низами, Физулилерге көзқарасын Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» тәрізді мистикалық суфистік әдебиетіне деген қатынасынан қапысыз, дәлме-дәл ажыратып алу қажет. Алдыңғы аталғандар Абайдың зердесінің жоғары дәрежелі шеберлігімен, өмірге деген гуманистік көзқарасымен және өздерінің эстетикалық пікірімен баураса, Абайдың өз тұстастары – Шортанбай, Мұрат, Әубәкірден айырмашылығы суфизмге тән жер бетіндегі тіршілікті мис­ти­калықпен жоққа шығаруды, оның ішін­де қоғамдық өмірді місе тұтпай және оны қайта құру үшін күресті мансұқ етуін қа­былдамайды» (Абайтану дәрістері, Ал­маты, 1994, 31) деп саяси Орталық тудыр­ған идеологиялық қысымға бейім­де­ле сөйлеуге еріксіз барған замандар бол­ған. Болмаса Науаи, Низами, Фи­зу­лилер­дің суфизммен қоян-қолтық байланысын біле отырып, оның тереңіне бойлай отырып, олардағы сопылық ой-танымдық Ясауидің «Хикметінде» баяндалған басты сопылық танымдардан бөлектей ажырата қарауды алға тартады. Бұл құбылыстарды тереңдей зерттеп танып-білу міндетін алға қояды. Ал соңғы жылдардағы зерттеулер Ясауидің пенделіктің кәмалаттығы бағытын ұс­тан­ғанын, ал Абайдың инсанияттың кә­ма­латтығы жолын ұстанғанын анықтап беруі арқылы М. Әуезов талабының жүзе­ге асқанын аңғартады.

4

Абайдағы Толық адам ілімінің бастау көздерін тауып, оның тарихи жолдарын анықтау аса қажет болып тұр. Көпке дейін зерттеушілер Абайдағы толық адам ілімінің төркінін мұсылмандық шығыстан іздеп, «Кабуснамадағы» жәуанмәртлік туралы пікірмен ұштастырып келдік. Сөйтсек жәуанмәртлік ілімінің төрт негізі, яғни оның іргетасы ХI ғасырда қазақ жерінде, яғни қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласынан шыққан ғұлама ақын жазғаны анықталып отыр. Ал «Кабуснама» кітабы «Құтадғу біліктен» кейін ХII ғасырда жазылған. Осыдан кейінгі ғасырларда жәуанмәртлік ілімі туралы жазылған еңбектер қарасы молы­ғып отырады. Мұсылман әлемінде ХII ғасырға дейін кемел адам ұғымы болған емес деп Иранның атақты ғалымы Мұртаза Мұттакари Мәскеуде басылым көр­ген «Усовершенный человек в исламе» (Москва 2008) деген ғылыми монографиясында пікірін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп айтатыны бар.

Жәуанмәртлік сөзін біздер Буда­го­втың сөздігіне сүйеніп «юнный шедрый» деген парсы сөзі деп келдік. Жәуан­мәрт­лік сөзі парсы тіліндегі сөз емес, көне тү­рік тіліндегі «зомарт» яғни жомарт деген сөз деп өзінің этимологиялық зерт­теуін­де әзербайжан ғалымы профес­сор, фи­ло­логия ғылым­дарының докторы М.Шералиев ғылыми тұрғыдан дәлел­деп отыр. Тіпті мәмлүктер билеген (1501-1510) Мысыр жерінде қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди Фирдоусидің «Шаһ­на­ма» дас­танын қыпшақ тіліне тұң­ғыш рет то­лық аударған болатын. Түп нұс­қа­сын­да бір жүз он мың өлең жолы болса, Шәріп Әмеди аудармасы жүз жиырма екі мың жол болып шыққан. Бұл туынды «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасында 37 том көлемінде басылым көріп жатыр. Осы басылымда:

«Жомарттық елінің кеніші ғой ол,

Барша адамзат ұлының жаны

ғой ол»,

деген өлең жолындағы «жомарт» сөзі көне түрік тілінде айтылатын «зомарт» сөзі болып тұр.

Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа (шын аты Мадай б.з.д. VII ғасырда) тура­лы халық аузында жырланған тарихи жырда жәуанмәртлік сөзі «ақи» (жомарт) деген сөзбен берілетінін

«Қойғын маған ақилық

Болсын менің лақабым»,

деген сөз жау қолынан уланып өлер алдындағы өсиеті ретінде Алып Ер Тоңа аузымен айтылады. «Ақи» сөзі «Құтадғу білік» дастанында да осы мағынада қолданылады. Бұдан шығатын қорытынды, жәуанмәртлік ілімінің бас­тау көзі Шу өзені бойындағы қазақ жерінде жатыр деген байламға келеміз.

Абай толық адам іліміне айрықша мән беріп, неге ой толғанысына түскен деген сұрақ алдымызға көлденең қойы­ла­ды? Қазақ қауымының саяси-әлеу­мет­тік жағдайы 1867-1917 жылдар ара­лығында Ресей империясының қазақ еліне арнайы саяси мақсатпен жүргізген мейлінше кертартпалық ел билеу жүйесінің нәтижесінде туындаған территориялық принципке негізделген болыстық сайлауға орай туындаған қасіретті құбылыс. Өйткені «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, ілгері баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік...

Енді біздің көксерлік ісіміз – тасталған сүйекке таласқан мойнақша орыстың знагына таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алғанымыз» деп жазған еді «Сарыарқа» газеті. Қазақтың осы береке бірлігін отаршылдар саналы түрде саяси мақсат қоя отырып бүлдіргенін Сібірдің генерал-губернаторы болған М.Сперанскийдің патшаға жазған хатында «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір-біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек» деп бар шындықтың бетін ашып беріп отыр. Қазақтарды оп-оңай тобықтан бір-ақ ұрып жығатын бұл саяси тәсілді кеңестік билік те пайдаланғанын сана­лы қазақтар білген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хат­шысы Ливенцовтың М.Сперанскийдің әді­сін қолданғанынан жұртшылық хабардар. Отаршыл Ресей патшалығы ендірген ел билеу жүйесіндегі осы қасіретті терең сезінген ақын С.Торайғыровтың:

Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны...

Ақ пейіл, бауырмалдық қалып кетіп,

Желбуаз, «сұрқия» боп қызынғаны.

Мас болып партияға қызып алған,

Даланың табиғатын бұзып алған.

Елдігіне, жеріне һәм дініне,

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан,

деп жырлаған ой толғанысында хал­қы­­мыздың отаршылдық жұтқа ұшы­рат­қан орны толмас қасіреті жатыр. Қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуы – тіке­лей отаршылдық саясаттың нәтижесі екенін Абай білді. Білді де осы қасіреттің отына күйер елінің алдын алу үшін толық адам ілімімен емдеп, мінез-құл­қын бұзылудан аман алып қалатын жолын ізденді. Бұл жол Абайды толық адам іліміне алып келді.

Қалың елім, қазағым,

қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың

сондай жақсы,

Неге ғана бұзылды сартша сыртың...

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң

енді өз ырқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған

Күш сынасқан күндестік

бұзды-ау шырқын,

деп халықтың мінез-құлқын бұзудың түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп отыр емес пе?

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

профессор

 

(Жалғасы бар)