Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Қоғамдық көліктерде санитарлық нормалардың сақталуы шарт

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Санитарлық нормаларды сақтау шартымен қазір Солтүстік Қазақстан облысында барлық қоғамдық көліктер жүре бастады. Алайда нормаларды сақтау жиі бұзылады. Сондықтан бұл талаптың орындалуын тексеріп тұрмаса болмайды.

Қоғамдық көліктерде санитарлық нормалардың сақталуы шарт

Жуырда Петропавлда жолаушылар көлігінің санитарлық жағдайын тексеру бойынша рейд өткізілді. Бұл жұмыстарға Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандарымен бірге тәртіп сақшылары да жұмылдырылды.

Рейд барысында мамандар ескерту айтумен шектелді. Рейдті ұйымдастырушылар көлік салонының санитарлық жағдайын, автобустардың артық адамдарды алмауын, дезинфекция жасауға арналған сұйықтықтар мен заттарды қолдану тәртібін, жүргізушілерде бетперделердің болуын және оны дұрыс қолдана білуін тексерді. «Рейдтің алғашқы сағатында 11 қоғамдық көлік тексерілді. Жүргізушілердің бетперде киюіне, автобустардың салонында антисептиктердің болуына назар аударылды. Жүргізушілерге соңғы аялдамада автобус салонын залалсыздандыратын сұйықтықтармен тазарту қажеттігі ескертілді», - дейді Петропавл қаласы. ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Қанат Әлімжанов.

Санитарлық нормаларды сақтаудағы кемшіліктер үшін ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ. Әзірше жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер мен олардың басшылары, лауазымды тұлғалар үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында автобус жүргізушілерінің тарапынан карантиндік шектеулерден басқа жол қозғалысы ережелерінің 455 бұзушылығы анықталған. Олар негізінен – көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану мен маневр жасау ережелерінің бұзушылықтары.

 

Солтүстік Қазақстан облысы