Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Полицейлер балаларға спорт жабдықтарын тарту етті

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақкөл ауданындағы Урюпинка ауылында орналасқан балалар мектеп-интернатында барлық жағдай тудырылған. Жеткіншектерге өңір полицейлері қолдау көрсетуде.

Полицейлер балаларға спорт жабдықтарын тарту етті

Игі дәстүр бойынша облыстық полиция департаментінің өкілдері ауданға арнайы барып, жеткіншектерге спорт жабдықтарын тарту етті. Базары тарқамаған балалық шақтың бір нышаны – футбол. Балалардың футболмен айналысуына облыстық полиция департаменті де ұзақ жылдар бойы мүмкіндік туғызып келеді. Полицейлер балғындармен тікелей жүздесіп, әңгімеге тарта алған жоқ. Нысан карантин талаптарын сақтауда.

– Мектеп директорымен хабарласып оқушылардың шағын футболға қызығушылығы жоғары екенін білдік. Екі команда құрылыпты. Біздің әріптестер оларға спорттық форма мен футбол доптарын сыйлады. Осылайша, біз полиция қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстану эстафетасын осы мектеп-интернат балаларына жолдаймыз,–дейді «Динамо» дене шынықтыру-спорт ұйымы төрағасының орынбасары Виктор Букреев.

–Балабақша-мектеп-интернатының тәрбиеленушілері атынан облыстық полиция департаментіне, «Динамо» спорт клубына алғыс білдіремін. Қазіргі карантин уақытында біздің мекеме сақтық талаптарын орындап, сыртқы ортамен байланысын шектеп отыр. Осындай кезеңде бізді ұмытпай, қолдау көрсеткен полицейлер, олардың абыройлы қызметі  тәрбиеленушілерімізге үлгі, - дейді Урюпинка балабақша-мектеп-интернат арнайы кешенінің директоры Юлия Алдажарова.

Мектеп-интернатта 86 бала тәлім алады. Мемлекет қамқорлығының арқасында барлық балалар заман талабына сай тәлімді тәрбие, берік білім алуда.

 

Ақмола облысы