Тікелей видеобайланыс форматында өткен конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырəлі, ЮНЕСКО Азия жəне Тынық мұхиты бөлімінің бастығы А.Шевелев, Қазақстанның Білім жəне ғылым министрі А.Аймағамбетов, Қырғызстанның Мəдениет, ақпарат жəне туризм министрі А.Жаманкулов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары С.Раев, Түркітілдес елдер парламенттік ассамблея кеңесі Бас хатшысының орынбасары А.Йылдыз, Түркі мәдениеті және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТЮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Б.Чакыжы, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Ө.Оғуз, Əзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті академик И.Габиббейли, сонымен қатар Əзербайжан, Башқұртстан (Ресей), Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан жəне Түркия елдерінің танымал түрколог ғалымдары қатысты.
Бұған қоса көптеген елден зерттеушілер мен зиялы қауым өкілдері конференцияға онлайн режімде тыңдаушы
ретінде қатысса, əлеуметтік желі қолданушылары тікелей көрсетілім арқылы тамашалады.
Жиынды ашқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырəлі конференцияның маңызын түсіндіре келе, ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы Жарлығымен Абайдың 175 жылдығын кеңінен атап өту туралы тапсырма берді. Осыған орай, Абай мұрасын зерделеуге қатысты көптеген шаралар атқарылып жатыр. Сонымен қатар ұлы ақынның мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде де кеңінен атап өтілетіні туралы шешім қабылданған болатын. Биылғы қаңтарда Бакуде өткен Білім жəне ғылым министрлерінің жиынында Халықаралық Түркі академиясы да түркі əлемінде Абай жылын жариялады. Соған сəйкес, Бакуде алғашқы жиынымыз өтті. Осындай іс-шаралар жалғасын ЮНЕСКО-да өткізуді жоспарлаған едік. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жиын кейінге шегерілді», деді Д.Қыдырəлі.
Бұдан кейін модератор сөз кезегін ЮНЕСКО Азия жəне Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелевке берді. Ұйым өкілі ұлы Абайдың мерейтойына арналған жиынға қатысу ЮНЕСКО үшін зор мəртебе екенін атап көрсетті.
«1995 жылы Абайдың 150 жылдығын тойлаған едік. 25 жыл зымырап өте шығып ты. Осы орайда, ұлы ақынның мұрасы жылдар жылжыған сайын ұлғайып, кеңейіп келеді. Бүгінгі конференция тақырыбының мəні зор. «Абай жəне XXI ғасыр» деп атау арқылы ұлы ақынның мұрасын тарихи тұрғыдан ғана қарамай, оны оқи отырып, қазіргі дəуірде қалай қолданатынымызды анықтай аламыз. Мəселен, Абай мұрасы жастар тəрбиесінде, саяси мəселеде, ғылымды дамытуда əлі де маңызды», деді А.Шевелев.
Ұйым өкілі сондай-ақ ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Фирмин Матоконың арнайы құттықтауын жеткізді.
«Бейбітшілікті, тұрақтылықты, өзара түсінік пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту міндетіміз болғандықтан, əлемдегі мəдени мұраларды насихаттауға кең көңіл бөліп келеміз. Сондықтан адамзатқа ортақ тұлғаларды танытуды міндетіміз деп білеміз. ЮНЕСКО тарапы Абай Құнанбайұлын осындай мəдениеттің батыры санайды. Оның мұрасы Қазақстанға ғана емес, бүкіл əлемге ортақ», делінген құттықтау хатта.
Осыдан кейін сөз алған еліміздің Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абай мұрасын зерттеп, түбі бір түркі жұртына жəне əлем игілігіне айналдыру баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті.
«Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция жұмысына қош келдіңіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтілуде. Бұл мерейтой ЮНЕСКО шешімімен халықаралық кеңістікке шыққан еді. Сонымен қатар қаңтар айында Бакуде Түркі академиясына мүше мемлекеттердің білім министрлері биыл ұлы Абайды бауырлас елдерде кеңінен насихаттау туралы шешім қабылдады. Бүгінгі жиын соның жарқын көрінісі деп ойлаймын. Бүгінде ақын мұрасы əлем мəдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды. Түркі академиясының бастамасымен Абай шығармалары əзербайжан, қырғыз, өзбек жəне түрік тілдеріне аударылды. Абай мұрасы барша түркі халықтарының ортақ қазынасына айналды. Биыл Бакуде басталған игі шаралар жалғасын тауып, түркітілдес мемлекеттерінің астаналарында Абайдың 175 жылдығына іс-шаралар жүйелі өтеді. Бұл шаралардың Түркі академиясының 10 жылдығымен орайлас келуі игілікті істерге серпін береді деп сенемін. Академияны алғашқы белесімен құттықтай отырып, конференция жұмысына сəттілік тілеймін», деді министр.
Ал Қырғызстанның Мəдениет, ақпарат жəне туризм министрі Азамат Жаманкулов Академия жұмысына ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарға сəттілік тіледі.
«Əдебиеттегі өлең-жырлары, айтқан сөздері ұлттың дүниетанымын, тұрмысын, ділін жəне дінін толығымен көрсете білген ұлы Абай артына мол мұра қалдырды. Ол бүкіл адамзатқа тəн қадірлі қасиеттерді қамтып, рухани дүниені байытудағы үлесі мол жəне бүгінгі күнде де оның мұрасы өз құнын жоғалтқан жоқ. Қырғызстанда
ертеңнен бастап ұлы ақынға арналған жиындар тізбегі басталмақ. 27 мамырда Абайдың рухани жəне мəдени мұрасына арналған кең көлемде онлайн конференция өтпек. Жиында ақынның ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі талқыланады. Жақын арада Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі, қазақ ассоциациясының ұйытқы болуымен Абай орталығы ашылады. Бұл орталық қазақ пен қырғыз арасындағы мəдени көпір ретінде қызмет етпек», деді А.Жаманкулов.
Алқалы жиын барысында Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен жарық көрген, əзербайжан жəне өзбек тілдеріне аударылған Абайдың «Қара сөздері», қырғыз тіліндегі «Абай өлеңдерінің академиялық жинағы», түрік тіліне тəржімаланған «Абай жолы» эпопеясы (2 том), Абай туралы мақалалар жəне Абай «Қара сөздері» мен өлеңдері (4 кітап) таныстырылды.
Конференцияның пленарлық отырысында танымал ғалымдар өздерінің мазмұнды баяндамаларын жасап, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы пайымды пікірлерімен бөлісті.