Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Кәсіпкерлер көп балалы анаға баспана сыйлады

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қайырымдылық жасау қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Асыл дініміз де мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бұйырады. Бүгінде мемлекет тарапынан да, демеушілердің көмегімен де көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан жүзеге асырылып отырған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Тараз қаласында тұратын көпбалалы анаға 2 бөлмелі пәтер кілті табыс етілді.

Кәсіпкерлер көп балалы анаға баспана сыйлады

Бұл сауапты іс әулиеаталық кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен жүзеге асып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, мешіт істері меңгерушісі Халид Хожахметов, «Һибатулла Тарази» медресесінің директоры Қанат Жұмағұл, облыстық «Һибатулла тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек және мешіттің қайырымдылық істері бөлімінің меңгерушісі Жалғас Жұбатқанов сынды азаматтар жалғызбасты ананың шаңырағына арнайы барып, пәтер кілтін табыстады.

Баспаналы болған Айна Жайткенова 4 баланың анасы. Көпбалалы ана тағдырдың сынағына сыр берместен балаларын жалғыз өзі асырап келеді. Тіпті ешкімнің алдына барып, көмек сұрап көрмепті. Жолдасы дүниеден өткеннен кейін өздері қайынағасының үйінің бір бөлмесінде тұрған екен. Жалғызбасты ананың өзі балаларының қамы үшін «Жасыл ел – Тараз» мекемесінде жұмыс істеген. Алайда, денсаулығы сыр беріп, екі бүйрегі бірдей ауырып, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты. Аталған отбасының жағдайына тексеру жұмыстары жүргізіліп, шынында да олардың жағдайының өте нашар, баспанаға мұқтаж екені белгілі болған. Тіпті тұрып жатқан үйлері де құлауға шақ қалған екен. Қасиетті Рамазан айында қайырымды жандардың көмегімен баспаналы болған жалғызбасты ана жақсы адамдарға өзінің ризашылығын білдірді. «Адамдар үйге келіп, хал-жағдайымызды сұрап кетті. Бірақ пәтер береді деп ойламадық. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Мен шексіз разымын, Алла сіздерден разы болсын. Діни басқармаға, кәсіпкер азаматтарға, «Зекет қорына», мешітке шын жүректен алғысымды айтамын», дейді Айна Жайткенова. «Бала күнімнен қиыншылық көріп келемін. Есейгенде мен де мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, баспанасыз адамдарға баспана сыйласам деген арманым бар», дейді үлкен ұлы.

 

Жамбыл облысы