Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Ақмола облысында 66 білім ошағында спорт зал жоқ

778 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт индустриясы үшін басым міндеттердің бірі – бұқаралық спортты дамыту екендігіне назар аударған болатын. Біздің облыста қолға алатын күрделі мәселе осы.

Ақмола облысында 66 білім ошағында спорт зал жоқ

Облыстың 66 білім ошағында спорт зал жоқ. Қазіргі  таңда  1127 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар. Мектеп спорт залдары қалай жабдықталған  және аудандарда фитнес-орталықтарының  құрылысы қалай жүзеге асуда? Көкшетау қаласында  25 мектеп бар. 37 типтік спорт зал, олардың 32-і облыс орталығында болса 5-і қала маңындағы мектептерде. Мәселен, облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық лицейінде спорт зал мүлдем жоқ. Жас өрендер қыста  шаңғы тебу  мен  үстел ойындарына, өзге уақытта жеңіл атлетикамен ғана айналыса алады. Сарапшылардың айтуынша, спортқа қызыққандардың саны  өскен сайын, жергілікті жаттығу алаңдарына сұраныс жоғары.

Аймақта спорт залдардың тапшылығынан Бұланды ауданындағы Алтынды орта мектебінде жаңа спорт залының құрылысы басталды. Ал, ескі ғимарат апатты жағдайда. Целиноград ауданында үлкен спорт залдары бар 4 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Яғни, Қосшы мен  Қояндыда – 1200 орындық және Максимовка мен Қажымұқан орта мектептерінде 300 орынға шақталған екі мектеп салу көзделген.

– Облыс бойынша Аршалы ауданындағы Ижевск орта мектебіне қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұланды ауданында Макинск қаласындағы №3 орта мектептің спорт залы аяқталды,–дейді облыстық білім басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік орталығының директоры Аман Ермұханов.

Аршалы ауданында да дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жаңа басталды. Әзірге осындай қадау-қадау жұмыстар жүргізілгенімен, бұл мәселенің қиын түйінін шешу келер күндердің еншісінде қалып отыр.