«Биыл мектеп бітіру шаралары «Birgemiz: Түлек – 2020» ұранымен өтеді. 25 мамырда сағат 11:00-де барлық мектептерде ата-аналар, қамқорлық кеңесінің мүшелері, мектептің үздік түлектері, бизнес өкілдерінің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн-соңғы қоңырау өтеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтауы болады», - деді Ш.Қадырова.
3 маусымда мектептерде 11 сынып түлектеріне аттестат пен «Алтын белгі» табыстау салтанаты өтеді. Жиын мектептің ауласында ашық аспан астында санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Түлектерге мектеп формасымен қатысу туралы ескертілді. Салтанатты жиыннан соң «Түлектер аллеясында» ағаш отырғызу жоспарлануда.
«Мектеп әкімшілігіне мейрамханалар мен дәмханаларда мектеп бітіру кешін өткізу кезінде құқық бұзушылыққа жол бермеуге міндеттелді», - деді басқарма басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, биыл елорда мектептерін 6 515 түлек бітіреді. Оның 6 199-ы немесе 95 % ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. ҰБТ санитарлық нормаларды сақтай отырып, 20 маусым мен 5 шілде аралығында ұйымдастырылады. Тест тапсыру уақыты 3 сағат 50 минут, ол екі бөлімнен тұрады – үш міндетті пән (20 тапсырма) және бейіндік пән (30 тапсырма). Биыл ҰБТ-да 11 сыныптың 4 тоқсанының бағдарламасынан сұрақтар болмайды.
«Осы орайда түлектердің ата-аналарына үйлерінде қалуын сұраймыз, сонда балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтайтын боламыз. Мектепке дейінгі ұйымдардағы дайындық тобының балалары 1 тамызға дейін балабақшаға баруын жалғастырады. 1 маусымнан бастап барлық балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын штаттық режимде қайта жандандыру жоспарлануда», - деді ол.