Аймақтар • 22 Мамыр, 2020

Қостанайлықтар жаппай электронды қолтаңба ала бастады

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11 мамырдан бастап қайта жұмыс істей бастаған Халыққа қызмет көрсету орталықтары алғашқы он күн ішінде аймақ тұрғындарына 22 142 қызмет көрсеткен. Тұрғындардың дені ХҚКО-ға электронды қолтаңба алу үшін келеді екен. Мәселен, соңғы онкүндік ішінде 5 706 ЭЦҚ ресімделіпті.  

Қостанайлықтар жаппай электронды қолтаңба ала бастады

Электронды қолтаңбадан кейінгі орында тұрған қызмет түрі - көлік құралдарын тіркеу. Екі апта ішінде қостанайлықтар 3347 автокөлікті тіркеуге қойған.

– Аймақ тұрғындары жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі бойынша да белсенділік танытып отыр. Бүгінге дейін 2388 құжат ресімделді. Сондай-ақ 1621 адам жүргізуші куәлігін алды, - дейді  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» облыстағы филиалының PR-менеджері Ярослава Богатырева.

Я. Богатыреваның айтуынша, қазір Қостанай қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа жұмыс форматына көшкен. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұрынғыдай электрондық қызмет көрсетілмейді. Оларды электрондық үкімет порталы арқылы  кеңседен немесе үйден, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету секторларынан алуға болады. ХҚКО-да қызмет тек қағаз түрінде көрсетіледі, сондай-ақ egov.kz-ке алдын-ала тапсырыс берілген қызметтер бойынша дайын құжаттар пакеті беріледі.

 

Қостанай облысы