Коронавирус • 22 Мамыр, 2020

COVID-19-ды емдеудің қазақстандық әдісі әзірленбек

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар персоналды және превентивті медицина арқылы COVID-19-ды бақылау, алдын алу мен емдеудің қазақстандық әдісін әзірлемек.

COVID-19-ды емдеудің қазақстандық әдісі әзірленбек

Бүгін Алматыда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен 2020-2022 жылдарға арналған «Қазақстанда персоналды және превентивті медицина енгізу туралы» ғылыми-техникалық бағдарламаға арналған кеңес өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Министр бастаған топ пен республикалық ғылыми қоғамдастық бактериология, вирусология, иммунология және молекулалық генетика мәселелерін талқылады.

С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Б.Жүсіпов 2020-2022 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында персоналды және превентивті медицина енгізу туралы» ғылыми-техникалық бағдарлама ұсынды. Ғылыми жобаның мақсаты –денсаулық сақтау саласына геномдық, жасушалық және ақпараттық технологиялармен бірге персоналды медицина енгізу, сондай-ақ негізгі инфекциялық емес аурулардың және COVID-19 профилактикасын, терапиясын басқаратын шешімдер әзірлеу.

Бағдарлама іске асса, эпидемиологиялық, экономикалық, нормативтік құралдарды қолданып, генетикалық факторларды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен COVID-19, негізгі нозологиялар бойынша Қазақстанда персоналды профилактика мен терапияны енгізу үшін дәлелдеме базасын, оның ішінде отандық референттік геном құрылады.⠀

Сондай-ақ, адамның генетикалық ерекшеліктерін ескере отырып антиденелердің таралуын, вирустың және аурудың дәрежесіне әсер ететін, COVID-19-ды бақылау, алдын алу және емдеу әдістерін әзірлеу мәселесі қаралды. Созылмалы дерті бар пациенттерді емдеу нәтижесін жақсарту үшін олардың жеке сипаттамаларын ескеретін жасанды интеллект енгізу де талқыланды.⠀

Кеңеске Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың қызметкерлері, ғалымдар, министрлігінің ведомстволық ұйымдары қатысты.⠀

Кездесу соңында Елжан Біртанов қатысушыларға алғыс білдірді. COVID-19 диагностикалау мен емдеу үшін жаңа ғылыми компоненттің өте маңызды екенін және ол практикада аса қажеттігін ескерді.⠀

Министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясын ғылыми зерттеулер вируспен күресудің және оның таралуын тежеудің тың жолын көрсетеді. Е.Біртанов ғылыми тәжірибені превентивті медицинаға тезірек имплементациялау үшін тиісті ұйымдармен бірге институционалдық рәсімдерді іске қосуды және министрлік жанынан эпидемиология мен биоқауіпсіздік мәселелері бойынша мамандандырылған консультатциялық кеңес құруды тапсырды.