Қазақстан • 22 Мамыр, 2020

Қырғызстан Елшісі қазақстандық шекарашыларға алғыс айтты

572 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне хат жолдап, Ресей Федерациясы Орынбор облысында пандемияға байланысты елдеріне қайта алмаған қырғыз елінің азаматтарын эвакуациялауда көрсеткен көмегі үшін қазақ шекарашыларына алғыс айтты. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қырғызстан Елшісі қазақстандық шекарашыларға алғыс айтты

«Ақтөбе облысы бойынша шекара департаментінің әскери қызметшілерінің адамгершілікпен қарап, аса сабырлықпен және шыдамдылықпен жүргізген жұмысының арқасында 16 наурыздан бері Орынбор облысы Соль-Илецк қаласында болып, елдеріне қайта алмаған 500-ден аса қырғыз елі азаматтарының Отанға оралуына мүмкіндік туды. Шекара қызметінің барлық әскери қызметшілеріне алғыс айта отырып, өз қызметтерінде жетістікке жетуіне тілектеспін», делінген хатта.

Сондай-ақ хатта шекарашылардың «Жайсан-авто» шекаралық бақылау бөлімшесі арқылы адамдардың үйлеріне тезірек оралуына жағдай жасалғаны жазылған.

«Шекарадан аман-есен өткен қырғыз ағайындар алдын ала дайындалған автобустармен оңтүстік шекараға жол тартты. Ешкімнен алғыс күтпейтін, қиналғанға қол ұшын беруді –  адамдық парызы, Отан қорғауды  – қасиетті борышы санайтын шекарашылар ары қарай қызметін жалғастырып қала берді», деп жазылған хатта.