Қоғам • 23 Мамыр, 2020

Белгілі блогер Мақтаарал түлектеріне 160 ноутбук сыйлады

1008 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде баспаналы болудың тиімді жолдарын ұсынып жүрген белгілі блогер Дәулет Мұқаевтың оқырмандары Мақтаарал ауданының түлектеріне 160 ноутбук сыйлады.

Белгілі блогер Мақтаарал түлектеріне 160 ноутбук сыйлады

Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланғалы қазақстандықтар зардап шеккен өңір тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтіп келеді. Бұл ретте блогер Дәулет Мұқаевтың да оқырмандары қалыс қалмады. Жағдайды ести сала оқырмандар Дәулетке мақтааралдықтарға көмек көрсету мақсатында ақша жинауын өтінген. Нәтижесінде Dauletten қайырымдылық қорына 24 сағат ішінде 23 млн 600 мың теңге жиналды. Жиналған қаржы өңірдегі мектеп бітіруші түлектер, соның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушыларға ноутбук алуға жұмсалды.

Кеше «Білімдінің күні жарық» ұранымен шыққан жүк көлігі Мақтааралға жетті. Ноутбуктар Мырзакент кентіндегі №4 С. Рахымов атындағы жалпы орта мектебінің акт залында оқушыларға үлестірілді. Сондай-ақ Дәулет Мұқаев оқушыларға өз қолтаңбасы қойылған «Бизнеске бағдар» атты кітабын сыйға тартты. Блогердің желідегі оқырмандары бұл қайырымдылық мақтааралдық түлектерге ҰБТ алдындағы мықты мотивация болары сөзсіз екенін жарыса жазып жатыр.

9