Қоғам • 23 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтанда Covid-19 жұқтыру қаупі бар орындар залалсыздандырылып жатыр

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада саябақтар, гүлзарлар, қоғамдық кеңістіктер, әлеуметтік нысандар аумағы, базарлар, сауда орталықтары, аялдамалар, автобустар дезинфекцияланып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтанда Covid-19 жұқтыру қаупі бар орындар залалсыздандырылып жатыр

2020 жылдың 11 мамырдан бастап адамдарға саябақтар, алаңдар мен гүлзарларға баруға рұқсат берілді. Тек санитарлық нормаларды қатаң ұстану: маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау – басты талап.

«ТЖ режимі аяқталды, бірақ карантин әлі жалғасып жатыр. Елорда тұрғындарына қоғамдық орындарға баруға, саябақтар мен гүлзарларда серуендеуге рұқсат берілді. Алайда вирус жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Біз дезинфекцияны тұрақты жүргіземіз. Біраз уақыт үйден шықпаған жұрт таза ауада серуендегісі келеді. Сол себепті көшедегі орындықтар, жолдар, сатылар мен жақтауларды залалсыздандырамыз. Адамдар ұстайтын заттың бәрін мұқитят тазартылады. Елорда тұрғындарын маска тағып, арақашықтыққа мән беріп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырамын. Бұл өте маңызды», - деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Рысалиев.

Елордада  20 миллион шаршы метрден астам аумақ дезинфекцияланды. Залалсыздандыру жаяу және арнайы көліктердің көмегімен жасалады. Әлеуметтік нысандар, базарлар, сауда орталықтары, аулалар, балалар алаңдары, блок бекеттер, қоғамдық көліктер, аялдамалар мен адам көп жиналатын басқа жерлерді залалсыздандыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Елорда тұрғындары санитарлық нормаларды  сақтауға: маска киіп, арақашықтықты сақтап, антисептик пайдалануға мән бергені жөн. Егер санитарлық талаптар сақталмаса қалада күшейтілген карантин режимін енгізуге тура келеді.