Экономика • 25 Мамыр, 2020

«Самұрық-Қазына» Мақтааралға 1 млрд теңге бағыттайды

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 1 млрд теңге қаржы бөледі. Қордың хабарлауынша, қолдау көрсету туралы шешім Президенттің тапсырмасына сәйкес қабылданып отыр.

«Самұрық-Қазына» Мақтааралға 1 млрд теңге бағыттайды

Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын және Мақтаарал ауданында зақымданған нысандарды қалпына келтіруді «Түркістан» әлеуметтік даму қоры қамтамасыз етпек. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» қоры, Түркістан облысының әкімдігі және «Түркістан» әлеуметтік даму қоры арасында келісімге қол қою мәселесі пысықталуда.

Айта кетейік, бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ 2019 жылы оқ-дәрі жарылысынан зардап шеккен Түркістан облысының Арыс қаласын қалпына келтіруге және құрылыс жұмыстарына 7 млрд теңге бағыттады. Соның нәтижесінде 68 нысан қалпына келтірілген. Оның ішінде 64 нысан жөнделсе, 4-еуі қайтадан салынды.

Еске сала кетсек, 1 мамыр күні қатты жаңбыр мен дауылдан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторларына су толып, бірнеше елді мекенді су басты. Осыған байланысты Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланған-ды.