Технология • 25 Мамыр, 2020

Электронды құжат күшіне енетін кезең

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта қазақстандық жүргізушілер көлігін тиісті құжатсыз-ақ тізгіндей береді. Электронды құжат айналымына қатысты жақсы жаңалықты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ерлан Тұрғымбаев айтты. Оған үн қосқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев алдағы уақытта елімізде цифрлы құжаттардың толыққанды заңдық күшке ие болатынын хабарлады.

Электронды құжат күшіне енетін кезең

Ұрланған автокөлік қылмыстарын ашу және көліктерді қайтару бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің келісімін рати­фикациялау жөніндегі заң жобасы Мәжіліс қабырғасында талқыланған болатын.

– Біз автокөлік жүргізушісі үшін барлық құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ деген норманы заң жобасына енгізгіміз келеді. Жеке куәлігі болса жеткілікті, жүргізушіге қатысты қалған деректерді планшет арқылы біліп аламыз. Азаматтардың қандай көлігі бар екені, сақтандыру полисінің аяқталу мер­зімі, қанша рет сенімхат жазып бергені, техникалық тексеруден қашан өткені, қанша айыппұлы бар екені, бәрі көрініп тұрады. Ол үшін қалтасында жеке куәлігі болса жеткілікті, артық құжат тасып жүрудің қажеті жоқ, – деді министр.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, полицейлер пайдаланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интеграцияланатын болады.

– Егер байқап қарасаңыз, қазір нөмір­сіз жүрген автокөлік жоқтың қа­сы. Қажет­тілік туған жағдайда, ба­қы­лау ка­ме­расы кезекшіге белгі беріп, арнайы па­труль қызметі көлікті тоқта­тады. Нө­­мір­ді ешкім бүркей алмайды. Ішкі іс­тер министрлігінің базасында бәрі тір­кел­ген. Егер автокөліктің түсі, нөмірі сәй­кес келмесе, онда екінші рет белгі бе­рі­леді. Осылайша көлік ұрлығының санын барынша азайтып жатырмыз, – деп түсіндірді министр.

Мұндай жүйе Еуропаның бірнеше елінде ғана енгізілген екен. Қазақстан со­лар­дың тәжірибесін қолдануға көш­пек.

Әрине құжатқа қатысты норма тек Қазақстан аумағында ғана қол­даны­лады. Егер басқа елдің территория­сы­на өтсеңіз, тиісті құжаттардың бәрін қал­таңызға салып жүруіңіз керек.

Бұл жаңалыққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те Фейс­бук­­тегі әлеуметтік парақшасында үн қосты.

– Әріптесім Ерлан Тұрғымбаевтың азаматтарға таяуда жүргізуші куәлігі мен техпаспортты өзімен бірге алып жү­­руінің қажеті болмайтыны туралы айт­қаны басты жаңалық болды. Бұл шын мәнінде, көптен күткен шешім. Мем­ле­кет пен азаматтың өзара цифрлы іс-қимылын жақсартуға жасалған үлкен қадам. Полицейлердің жүргізушілерден бұл құжаттарды талап етпей-ақ, оның бар-жоғын ЖСН арқылы тексеруіне техникалық мүмкіндіктер бар. Қазір Се­натта қаралып жатқан «Цифрлы тех­но­логиялар туралы» заң жобасы қабыл­данғаннан кейін, eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлы құжаттар толық заңды күшке ие болып, қағаз құ­жатпен бірдей қолданылады. Яғни сіз по­лиция қызметкеріне өз куәлі­гіңіздің цифр­лы нұсқасын смартфон­нан көрсете аласыз, – деді Асқар Жұмағалиев.

Оның айтуынша, әзірге мобильдік қосымшада 4 түрлі құжаттың цифрлы нұсқасы бар: жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі, неке қию және бұзу, атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру туралы. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі  мем­лекеттік органдарға қосымшада сондай-ақ студенттік куәлік, әскери билет, мүгедектік туралы куәлік, жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты және тағы басқалары болуы үшін қажетті интеграция жүргізуді ұсынған.

– Бұл құжаттардың мобильдік қо­сымшада цифрлы нұсқаларының болуы азамат үшін өте ыңғайлы болар еді­ деп ойлаймын. Сонымен қатар біз мем­­­лекеттік органдардың азаматтан­ талап етпей, өздері ала алатын анық­­­­тама­лардан бас тартуы жұмыс­та­рын жүр­гізудеміз. Жоспар бойынша, мем­ле­кеттік органдар жыл соңына дейін 24 ақ­па­раттық анықтаманы алып тастау­ға уәде берді. Ол үшін олар өз ин­­те­гра­­циясын аяқтауы, сондай-ақ өз рег­ла­менттері мен құқықтық-нор­матив­тік ак­ті­лерді өзгертуге тиіс, – деді Асқар Жұма­­ғалиев.

Көлік жүргізуші Аман Берікханнан бұл жаңалыққа қатысты пікірін сұраған едік.­

– Министрдің айтқанын естіп қуа­­­нып қалдық. 10 жылдан астам тәжі­ри­­бем­де бір мәрте ғана құжатымды үйде қал­ды­рып кеткенім үшін жол полициясы­нан ес­керту алғанмын. Дегенмен, бір ға­на құ­жат ұстап жүрген ыңғайлы болады деп ойлаймын. Тағы бір айта кетер­лігі, жүр­гізушілер енді жол бойында ал­­ған ескертуін де, төлемін кешіктірген айып­­­пұлды да жасыра алмайды. Себебі по­ли­цейлер планшетінен базаға кіріп, жүр­­гізушіге қатысты барлық ақпаратты сол жерде бірден біледі. Бұл алғашқыда ың­ғайсыздау болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе бәрі тәртіпке үйренетіні сөзсіз, – дейді ол.