Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Вирус Ресейден келгендерден жұғып жатыр

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Солтүстік Қазақстан облысында Ресейден келгендер арасынан алты адамнан жаман індетті жұқтырғандар анықталды. Сөйтіп, осы уақытқа дейін мұнда тұрақтанған індет бірден 15 пайызға көтеріліп, 46 адамның бойынан табылып отыр

Вирус Ресейден келгендерден жұғып жатыр

Солтүстікқазақстандықтар карантин режімін қатаң сақтап, соның нәтижесінде короновирустың таралуын тұрақты жағдайға жеткізген еді. Енді Ресеймен екі арадағы шекара ашылып, вахталық әдіспен жұмысқа барғандар қайтып, алыс-беріс қатынастар артып, жүк автомобильдері өте бастағаннан бері осындай қиыншылық жағдай туып отыр. Қазір Ресей Covid-19 –бен ауырғандар саны жөнінен әлемде үшінші орынға шықты. Бұл елде сырқатқа ұшырағандар саны әлемде 5 миллионнан асып, өлгендер 400 мыңға жақындаса да оған мән бермейтіндер, біреулердің өз мүддесі үшін осыны ойлап тапқаны дейтіндер әлі де көп. Соның кесірінен сақтану шаралары да төмен. Осының зардабы бізге де тиіп жатыр. 

Қазір екі елдің өткізу пункттерінен күніне Қазақстанға 350 адамдай өтеді. Олардың бәрі тексерілгенімен арасында сырқаты байқалмай қалатындары да жоқ емес. Шекарадан жаяу кіргендердің бәрі карантиндік стационарға жіберіледі. Күніне бір мың адамға дейін ПТР тестер тапсырады. Міне, осындай жітіліктің арқасында жаңадан келгендердің арасынан індет табылып отыр.  

Дәрігерлер өңірдегі ахуал жалпы айтқанда тұрақты дегенімен тұрғындар шеттен келгендерден табылып жатқан індетке алаңдаушылық білдіруде. Бірақ СҚО мамандары әрқашан өз биігінен табылар деген үміт бар. Басқа жердің бәрі тиісті ақыларын ала алмай жатқанда мұндағылар тиісті еңбекақыларын уақытында алды, ешқандай дабыл болған емес.

Қазір 14 адам ауруханада, 47 адам провизорлық стационарда және 112 адам карантиндік стационарда жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы