
Әлемдегі ең байырғы газеттердің бірі – Лондонда шығатын «Lloyd’s List» өзінің қағаздық нұсқасын жауып, біржола интернет-басылым версиясына көшуге шешім қабылдады. Бұл туралы «Газета.Ру» сайты хабарлады.
Бүгінде шығып келе жатқанына 280 жыл толып отырған көне газет алдағы 20 желтоқсаннан бастап қағаздық нұсқасын шығаруды біржола тоқтатады.
«Lloyd's List» - әлемдік кеме қатынасы саласы үшін жаңалықтардың, аналитика мен басқа да мәліметтердің қайнар көзі - 2013 жылдың 20 желтоқсанынан толық цифрлы вариантқа ауысады», - делінген редакцияның өзі таратқан хабарламада.
Басылым басшылығы хабарлағандай, арнайы жүргізілген тексерудің қорытындысында газеттің қағаз жүзіндегі нұсқасын оқырмандар аудиториясының 2 пайызға да жетпейтін бөлігінің ғана оқитыны анықталған. Соңғы жылдары жаһандағы теңіз саудасы жаңалықтарына маманданған «Lloyd’s List» цифрлы және мобильді платформаларды инвестициялап келді. Алайда, редакциядағылар газеттің қағаздық нұсқасын шығарудан бас тарту басшылыққа бұл бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде дамыта түсуге және оқырмандардың сұранысын неғұрлым көбірек қанағаттандыруға мүмкіндіктер береді деп есептейді.
«Біз цифрлы платформалардың ақпаратпен барынша жан-жақты және тиімді алмасуға мүмкіндікті молырақ беретінін мойындауға тиіспіз», - делінген редакциядағылар мәлімдемесінде. «Егер XVIII ғасырда газет парақшалары кофеханалардың қабырғаларына ілініп тұрған болса, - деп атап өтеді газет хабарламасы, - қазір сол кофеханаларда әрбір оқырман өз планшеттері мен смартфондары арқылы басылымды оқи алады».
«Біздің газетіміздің үш жүз жылдық тарихы бар, ал теңіз саудасы - консервативтік сала, сондықтан да біз тәуекелге барып отырғанымызды түсінеміз және онлайн-нұсқаға көшуге аса қауіптенбейміз», - дейді газеттің бас редакторы Ричард Мид.
«Lloyd's List» газеті Лондонда 1734 жылдан бері шығып келеді. Оның шығарушысы британиялық Informa компаниясы боылп табылады.
Мұрат Айтқожа.