«Бұл жергілікті алдын-алу жұмыстарының әлсіздігін және карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын көрсетеді. Экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеулер алынып тасталды. Дегенмен, бұл қауіпсіздік шараларын елемеуге болады дегенді білдірмейді. Карантиндік режимнің талаптары сақталуы керек және оған барлығы міндетті. Алайда, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көптеген тұрғындар қорғаныш медициналық маскаларын пайдаланбауда. Ал, сауда орындары мен басқа да нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар орындалмай отыр. Айталық, Талас және Байзақ аудандарында бір жерде адамдардың көп жиналуына қатысты жағдайдың салдарынан аурушаңдықтың өсуі орын алған», деді Бердібек Сапарбаев.
Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков ағымдағы жылдың 24 наурызынан 21 мамырына дейін аймақта коронавирустық инфекцияның 229 жағдайы тіркелгенін жеткізді. Оның басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай және Байзақ аудандарында орын алған. Осы уақытқа дейін аурудың өңірімізге сырттан келу жағдайлары көбірек байқалса, соңғы кездері жергілікті тұрғындар арасында жұқтыру дерегі өсіп отыр екен. Аталған департамент басшысы аурудың көбеюінің негізгі себептері ретінде кәсіпкерлік пен сауда нысандарына адамдардың көп жиналуы, маскалық режимнің бұзылуы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы екенін атап өтті. Мәселен, соңғы күндері Талас ауданында коронавирустық инфекцияның 6 оқиғасы тіркелген. Алғашқы науқас орталық аудандық ауруханаға жатқызу кезінде белгілі болған. Зертханалық зерттеу барысында аталған науқаспен байланыста болған 4 адамның індет жұқтырғандығы анықталған. Аудандағы келесі инфекция аудан орталығы Қаратау қаласының тұрғынынан табылған.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, облыстың 36 елдімекенінде коронавирустық инфекция анықталған. Соңғы аптадағы індет жұқтыру дерегі Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында анықталған. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 70 науқас ем алып жатса, 1504 адам дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне алынған. Емделіп шыққандардың саны жалпы саны 155 болса, 1 адам қайтыс болған.
Жиында Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы органдар мен салалық ведомство басшыларына халық арасында түсіндіру шараларын күшейту керектігін, кейінгі кездері жұмыстарын әлсіретіп алған мобильді топтардың қызметін қайта жандандыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, басқосуда тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін 25 мамырдан қайта бастау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, өз жұмысында жіберген кемшіліктері үшін Тараз қаласының, Талас және Байзақ аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланып, осы бағытқа жетекшілік ететін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ және Талас аудандары әкімдерінің орынбасарларының жеке жауапкершілігі қаралатын болады.
Штаб отырысында азаматтардың жекелеген санаттарына арналған әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселе де жан-жақты сараланды. Мемлекет тарапынан қаражат қарастырылғанымен, жергілікті жерлерде әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу қарқыны көңіл көншітпейді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, Т.Рысқұлов ауданында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету төлемі бар-жоғы 38 пайызға ғана орындалған. Ал, Тараз қаласы және облыстың барлық аудандарында мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаражат толық игерілмеген. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы органдардың басшыларын әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғындарды жұмыспен қамту жайына баса назар аударуға шақырды. Бұған жұмыспен қамтудың жол картасының инфрақұрылымдық жобалары мейлінше оң ықпалын тигізеді. Алайда, аталған бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажет. Мәселен, жоспар бойынша 18 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтудың әртүрлі шараларына тартылуы тиіс болса, бүгінгі таңда жобалар бойынша 7 мың адам ғана жұмыс тартылған.
Жамбыл облысы