01 Қазан, 2013

Әке рухына адалдық

235 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Халқымыздың сүйікті батыры, ұлтының бар құндылықтарының шырақшысындай қорғаны, жанашыры болған, өрлік пен ерліктің, ар-ождан тазалығы мен ел алдындағы парызына адалдықтың символы ретінде халық жадында есімі мәңгілікке қалған, ұлт намысының төлқұжаты іспетті ұлы Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының жалғыз перзенті – белгілі жазушы, аяулы азамат Бақытжан Момышұлының дүниеден озғанына да бір жыл болып қалыпты.

Халқымыздың сүйікті батыры, ұлтының бар құндылықтарының шырақшысындай қорғаны, жанашыры болған, өрлік пен ерліктің, ар-ождан тазалығы мен ел алдындағы парызына адалдықтың символы ретінде халық жадында есімі мәңгілікке қалған, ұлт намысының төлқұжаты іспетті ұлы Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының жалғыз перзенті – белгілі жазушы, аяулы азамат Бақытжан Момышұлының дүниеден озғанына да бір жыл болып қалыпты.

Бақытжанды алғаш көріп танысуым 1970 жылдың қаңтар айы. Мені Алматы облыстық комсомол комитетінің мектеп бөліміне қызметке тағайындады. Бірақ үй-жай жоқ. Туыстарым Бибінұр жеңгеміздің үйіне бар деп кеңес берді. Бұл кісі – менің әкемнің аталас бауыры Рахмалы Байжарасов деген ағамыздың әйелі. Рахмалы аға 1931 жылы Алматы облыстық жастар ұйымын ұйымдастыру бюросын басқарған және алғашқы бірінші хатшысы болған, кейін Оңтүстік өлкелік жастар ұйымының хатшысы, «Лениншіл жас» және «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Жас Алаш» және «Егемен Қазақстан») газеттері бас редакторының орынбасары, Қарағанды қалалық партия комитетінің екінші, кейін бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, публицист-жазушы, белгілі қоғам қайраткері еді. Соңғы жұмысында репрессия­ға ұшырап, 18 жыл айдауда жүріп, елге оралған соң 10 жыл ғана өмір сүрді.

Ағаны Бақытжан қатты құрметтейтін. Кейін ол кісінің архивін зерттеп, Бибінұр тәтенің, замандастарының көрген-білгенін, естеліктерін пайдалана отырып орыс тілінде «Преломление света» деген роман-эссе жазды. Бұл кітапқа баспасөз бетінде жақсы пікірлер айтылды. Ал жеңгеміз алыс жолдың, ол жақтағы өмірдің қиындығынан, Сібірдің аязынан қорықпай, артынан барып тұрғаны үшін, елге оралғанда бар жағдайын жасағаны үшін бүкіл туыстар өте сыйлайтын. Сол Бибінұр тәтем – Бақытжанның нағашы апасы, анасының туған әпкесі. Ержан туған соң Зейнеп екеуі тәтемнің қолына келеді ғой. Енді мен қосылдым. Көңіл сыйған соң ба, екі бөлмелі үйдің тарлығы есімде жоқ. Бақытжан нағашы апасын өте жақсы көрді. Тәтем де анасындай болды. Баукең ағаға ерекше ілтипат көрсетуші еді.

Бақытжан көп сөйлемейді. Түнімен кітап оқиды, жазып отырады, негізінен күндіз демалады. Жасыратыны жоқ, біз естіп-білмеген кітаптар тауып оқитын. Әдебиетші ретінде мені қазақ әдебиеті көбірек қызықтыратын, орыс, француз классикалық әдебиетін де көп оқыдым дей аламын. Ал әңгіме шығыс классикасы туралы, философиялық әдебиет туралы болғанда Бақытжанның қолына су құя алмайтынбыз. Осы тұрғыда Бақытжанның маған әсері мол болды. Сол бірнеше ай бір шаңырақта тұрған кездегі Зейнеп үшеуміз­дің кей әңгімелеріміз Бақытжанның «Жемчужные блики луны» атты повесінде көрініс тауыпты. Бақытжан өзі білмеген нәрсеге, көңілі ұнатпаған әңгімеге аралас­пайды. Ешуақытта ешкімнің сыртынан сөз айтпайды. Тіпті балаларына қабақ шытып көрмеген шығар. Үлкен жиындардан қашқақтайды. Ол өзін тек өз әлемінде еркін сезінеді. Оның өз әлемі: ойы, қиялы, бөлмесі, кітаптары, жазу үстелі, жазу машинкасы, кейін компьютермен ауыстырды. Марапат-мадақ іздемейді. Оны қызықтыратын адамдар және ақ қағаз.

Аузынан айналайыны түспейді. Жан жылуы туыстарына, достарына, жалпы сыйласқан адамдарының бәріне жетуші еді. Тіпті өмірінің соңғы жылында ауруы асқынып, қатты қиналып жатқанда жағдай сұрасаң, әдемі әзілімен ғана жауап беретін.

Мен Бақытжанды мейірім мен қарапа­йымдылықтан, сабыр мен төзімнен жаралған дейтінмін. Мәселен, сол жазбаларында қарапайым кейіпкерінің өзі (бұл белгілі тұлғалар туралы жазғанына қатысты емес) ерекше іс-әрекеттің, салмақты ойдың, тұшымды пікірдің иесі. Ал өзін олардан біршама төмендеу көрсетеді. Мен: «Бақыт, біздің аузымызға (мен де кейіпкерінің бірімін) ұлылардың сөзін салып, жайдағырақ айтылған ойымызды философиялық категорияға жақындатқан сен емессің бе? Неге өзіңе әділетсіздік жасайсың?» деп ренжитінмін. Бірақ өте ұяң болатын. Өзінің жазғандарын көрсетпейтін. Мен олармен кейін кітап болып шыққанда ғана таныстым.

Бақытжан Момышұлының қаламынан шыққан 20-дан аса кітап жарық көрді. Солардың ішінде, меніңше, әке туралы жазған «Восхождение к отцу» және «Во имя отца» деген шығармаларының жөні бөлек, шоқтығы биік.

Жалпы, Бақытжан бүкіл өмірін әкені түсінуге, әке биігіне жақындауға арнады деп ойлаймын. Себебі, Бауыржан Момышұлы ерекше жан, Шерағаңша айтқанда «ноқтаға басы сыймаған» адам. Мұндай адамның баласы болу оңай емес, әрине. Бақытжанның оқырманы ретінде байқағаным, әкесінің ғұламалығына сүйсінсе, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын шарт мінезінен сеске­неді. Батырлығы мен өрлігін мақтан етсе, жасандылықты, жағымпаздықты, опа­сыздықты ешуақытта кешірмеуін қаталдық па деп қалады.

Жазғандарынан кезінде әкем неге маған ғана тән емес деген балалық өкпесі де болға­нын байқайсыз. Осындай әртүрлі сезімдер иірімінде бола жүріп, Бақытжан әке әлемін түсінуге талпынуын бір сәт те тоқтатқан емес. Оған мына сөзі дәлел: «Мне не поверят, что понадобилась почти вся жизнь, чтобы немного научиться слышать и видеть отца. От меня отвернутся, если признаюсь, что не знаю его истинного, потому что лишь теперь ощущаю вечную принадлежность Отца Абсолютной Нравственной Идее», – дейді.

Әрі қарай: «Как же осмелился я, не совершенный и малознаюший, браться столь самонадеянно за описание хотя бы малой частицы души того человека, между мной и которым проходят дороги космических измерений, где я стою на самой низшей ступени земного горизонтального знания, а он принадлежит уже Вселенскому разуму и идет среди звезд, не забывая в пути своем о несчастных людях и все время возвращаясь к своему народу, который он любил и продолжает любить, которому всегда хотел отдать весь жаркий и светлый, бесстрашный огонь своей души».

Міне, Бақытжан, ең бастысы, әкесі шын мәнінде халықтың ұлы екенін түсінді.

«Огненное слово Отца несло прозрение незрячим. Громовой его голос пробуждал от преступной спячки сердца тех, кто забывал о народе, но помнил о себе. Острый, как клинок, взгляд его пронизывал омраченные темные души и звал к свету, то есть к жизни огненной, честной и очищающей,» – дегенін оқығанда қазақ тарихында осындай табиғаты ерекше тұлғалар болғанына, олар, сөз жоқ, ел Тәуелсіздігін жақындатқанына шүкіршілік жасап, халқымыз қандай қоғамдық формацияда өмір сүрсе де, ұлт мәйегі болып саналатын осындай ұлылар қажеттігіне тағы бір көзің жетеді.

Бақытжан осы кітабының 16 тақыры­бының әрқайсысына Құран сүрелерінен эпиграф алып отырған. Әрине, бұл да жай емес. Өз ойын қасиетті кітаптағы рухани ұстанымдар арқылы дамыту әрі әкесінің барлық іс-әрекетіне, сөзіне, ойына, жалпы бар болмысына перзенттік құрметі. «Отец и Создатель» деуі де содан болар.

Менің айтпағым: Бақытжан әкесіне жақсы ұл бола білді. Өмірінде бірде-бір рет әке атын саудалаған емес. Бір ғана мысал. Оның пәтері екінші қабатта. Астыңғы қабатында әртүрлі жекеменшік сауда орындары. Тұрғындар үйдің сырт жағы арқылы 20 баспалдақпен көтеріледі. Аяғына 9 операция (өз сөзімен айтса: «...заменить истертый шар головки тазо­бедренного сустава на чужеродный, при­крепить болтом к тазу и закрепить еще и шу­рупом») жасатқан адамға күнбе-күн 40 жыл бойы көтеріліп түсу қандай азап. Бірақ еш­­кімнің алдына бармады. Ешкімді алдына сал­­мады. Міне, сабырлы Бақытжанда әке қай­сар­лығы және әкесіне ұнамайтын әрекет­ке бар­ғызбайтын бойында туабітті бекзаттық бар.

Әке рухына адалдық бүкіл өмірінің мәні болды. Бірде-бір рет пендешілік жасап, ешкімді әттеген-ай дегізбеді. Бақытжанның қуанышты сәттері халқымыздың құнды­лықтары туралы, өмір жайлы, жалпы алуан түрлі тақырыптар бойынша әкесімен емен-жарқын, жайбарақат әңгімелескен кездері. Ондай кезде әкесінің еркелетіп «мой черновик» дегенін Алланың сыйындай қуана қабылдайтын.

Бақытжан мен Зейнептің сәтті атқарған шаруасыныың бірі және бірегейі-батырдан естіген аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді күнбе-күн қағазға түсіріп отыруы. Мұны басында өздері үшін істеген шығар. Алайда, бұл үлкен көрегендік болғанын өмір көрсетіп отыр. Әсіресе, бүгінгідей ұлы тұлғаның рухани мұрасына мемлекеттік тұрғыда мән беріліп, зерттеу орталығы құрылып, соның арқасында Бауыржан Момышұлының көп томдығы шығарыла бастаған кезде өз балаларының жинағаны баға жетпес құндылықтарды байыта түскеніне еш күмән жоқ. Яғни, алдағы уақытта да Бауыржан Момышұлының отты да ойлы сөздері, баяғыда афоризмге айналған нақыл сөздері, ақыл сөздері кеудесінде сәулесі бар әр қазақтың ұлттық санасын қалыптастыруға, намысын оятуға қызмет ете бермек.

Қартайған шағында да «Халқым үшін өрт пен суға дайынмын» деген ұлы тұлғаның, өзі кетсе де ұлттық құндылықтар, ұлттық мүдде туралы сүйген халқымен батырдың «сұхбаты» үзілмек емес.

Бақытжан «След птицы в небе» деген романында даналардан жеткен құстардың ізі ауада, балықтың ізі суда қалмайтыны белгілі, жақсы адамдар жанының да жолы солай деген сөзін келтіреді де, бірақ адамдардың ізі жерде көрінбегенмен, ол су мен аспанның, жер-ананың жадында сақталарына сенемін, ал бақыт құсымыз біздің балаларымыз бен немерелеріміз деген ой айтады. Шынында, Бақытжан көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Оның еліне аманаты әрі қалдырған ізі-балалары, кітаптары, ізгілікті істері. Қазақта «Ұл – адамның тұрағы», «Ұл өсіргенің – ұрпақ өсіргенің» деген сөз қалған ғой. Ұлы тұлғаның ұрпағын Бақытжан өрбітті. Артында жалғыз ұлы Ержаннан Нұрсұлтан және Мадияр деген немерелері қалды. Аллаға шүкір, тілеуін бүкіл қазақ болып тілеген батырдың әулеті жалғасып жатыр.

Жарық көрген жазбаларын жұртшылық сүйіп оқитын, сөзімен де, ісімен де қазақ келіндеріне үлгі болып жүрген, өзі де қазақы тәрбиенің уызына жарыған, халық педагогикасының білгірі, батырдың ақылды келіні Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында атасының мына сөзін келтіреді: «Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе». «...ризашылықпен қуанып кету» дегенді түсініп, қабылдай салу қиын-ау. Дегенмен, Бақытжан пәни дүниемен ризашылықпен қоштасқан болар деп ойладым. Халықтың сүйіктісі Бауыржандай ұлы тұлғаның баласы болу бақытын сыйлаған, оның жауапкершілігін жүктеген, әке алдындағы парызын орындауға ғұмыр берген Аллаға риза. Ол Бауыржан ағамыздың өрлігін, ұлтжандылығын кешпеген қызыл империя әлі құламай тұрғанда Батырдың көзі тірісінде бергізбей келген Совет Одағы Батыры атағын алып берген, бұл оқиғаны: «Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп бағалаған Елбасына риза. Батырға шек­сіз сүйіспеншілігін арнаған, оның 100 жылдығын ел болып тойлаған халқына риза. «...моя многострадальная, терпеливая, мудрая и чистая жена» деп өзі жазғандай, бүкіл өмірін батырдың қара шаңырағының түтіні түзу шығуына, ұрпағының өсіп-өнуіне, Бақытжанның күтімі дұрыс болуына, кітап жазуына жағдай жасауға арнаған әйелі Зейнепке риза. Осы ризашылықтарын айтып кетті.

Бауырым Бақытжан Момышұлының жаны жәннатта болсын. Елі-жұрты, отбасы аман болсын.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА.

АЛМАТЫ.