Жанжал орнына патрульдік полиция отбасылық жанжалдың аяқталған шағында ғана жете алған. Үй-ішіндегі шашылған көрініс пен көршілердің айтуынан мұнда артық ішілген ащы судан кейінгі лаңды сойқанды айқын танытып тұрады. Басқа отбасы мүшелері үйде болғанымен үйдің иесі орнында болмаған. Оның қайда кеткенін басқалары айта алмайды. Патрульдік полиция қызметкерлері үйге жапсарлас салынған сарайда асылып тұрған ер адамды көреді. Ол өмірден өз еркімен аттанбаққа бел байлағаны мойнына салған арқан мен астына қойған орындықтан көрініп тұрады. Оның үстіне оны күшпен асып өлтіруге үйдегі мас әйелдің әлі де жетпес еді.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Асхат Құрмашев және Руслан Қабдолов жедел қимылдап, әлі жаны шыға қоймаса да ес-түссіз күйде тұрған оны шешіп алады. Сонсоң, толық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылды.
«Әрбір секунд маңызды еді. Сәл кештеу келгенде, ер адамды ажалдан аман алып қалу мүмкін болмас еді. Ол қатты қызу күйде болған. Осындай әрекетке баруының себебі де белгісіз. Үй маңында болған көршілері отбасында жанжал болғаны туралы айтты», - дейді қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взвод командирінің орынбасары, полиция аға лейтенанты Асхат Құрмашев.
Сөйтіп, патрульдік полиция бір адамды өлімнен алып қалды.
ПЕТРОПАВЛ