Спорт • 26 Мамыр, 2020

«Барысқа» қандай бапкер лайық?

226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын командалар біріншілікті қорытындылап, үмітті ақтамаған ойыншыларымен және бапкерлерімен қоштасып жатыр. Енді бірі алдағы маусымға жоспар құрып, өткен маусымда көзге түскен үздік хоккейшілерді өз құрамында көру үшін трансфер базарын қыздыруда. Ал елорданың «Барыс» клубы әзірше жаңа маусымға жоспар құруға асығар емес.

«Барысқа» қандай бапкер лайық?

Дәл қазіргі уақытта қазақ­стандық жанкүйерлерді «Барыс­тың» тізгінін кім ұстайды деген сұрақ мазалауда. Өйт­кені сәуірден бері бас бапкерсіз қал­ған «Барыс» екі ай бойы жат­тық­тырушы таба алмай жүр. Бәл­кім, бұған команданың ал­дағы маусымдағы бюд­жеті­нің бе­кітілмегендігі себеп болуы мүмкін. Өйткені жыл­­дық шы­ғынды есептемей, жаттық­ты­рушымен келі­сім­шарт жасай ал­майты­ны бел­гілі. Қазақстандық БАҚ өкіл­дерінің жазуынша, «Ба­рыс­тың» басшылығы жаңа бас жат­тықтырушының есімін келесі айдың басында жариялауы мүм­кін. Себебі командалар шілдеден бастап жаңа маусымға жаттығу жиындарын бас­тауы керек.

Елорда ұжымына бапкер болып келетін кандидаттардың ішінде Ресей, Финляндия, Канада, Беларусь және Қазақстанның мамандары бар екені айтылуда. Сондай-ақ «Барысқа» келген маман міндетті түрде Қазақ­стан ұлттық құрамасын да жат­тық­тыруы керек. Ал көп жағ­дайда жаттықтырушылар «екі кеменің басын ұстауға» келісімін бере бермейді.

Спорт сарапшылары «Ба­рысты» баптауы мүмкін деген жат­тық­тырушы­лардың ішін­де негізгі үміткер – қазақ жан­күйер­­леріне есімі жақсы таныс фин­ляндиялық Ари-Пекка Селин екенін айтып жатыр. Фин маманы елорда командасын бұған дейін 2013/2014 жылғы мау­сымда жаттықтырып, біраз жетістікке қол жеткізген. Селиннің қол астында «Барыс» Чернышев дивизионында бірінші рет топ жарып, Гагарин кубогы жарыс жолында плей-офф бәсекесінің екінші кезеңіне шыққан.

Ал команданы кейінгі екі жылда басқарған 49 жастағы Андрей Ска­елка «Барыспен» бірге тәуір нәтиже көр­сетіп, Ари-Пекка Селиннің жетістігін қайталағанын айта кетейік. Өйт­кені екі маусымда да жерлес­теріміз Чернышев дивизионында топ жарып, Шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреді. Екі ретінде де плей-офф дода­сының екінші кезеңіне шықты. Тіптен, биыл Гагарин кубогында одан да зор көр­сеткішке қол жеткізуге шақ қалған еді. Бірақ коронавирусқа байланысты «Барыс» бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Жұмыс орнын Нұр-Сұлтаннан Яро­славль қаласына ауыстырған Бела­русь маманы қазақтың «қуыс үйден құр шықпа» деген ма­қа­лын ұстанды ма екен, өткен маусымда «Барыс» құрамында үздік өнерімен көзге түсіп, команданы өрге сүйреген екі бірдей ойыншыны өзімен бірге «Локомотивке» алып кетті.

Атап айтар болсақ, канадалық қақпа­шы Эдди Паскуале мен фин­ляндиялық қорғаушы Атте Охтамаа ҚХЛ-дің келесі маусымында теміржолшылардың намысын қорғайды. Екі хоккейші де өт­кен маусымда «Барыстың» негізгі құрам­дағы ойыншысы еді. 2019 жылы елорда ұжымын толықтырған тағы бір канадалық хоккейші Корбан Найт Омбының «Авангардының» шабуыл шебін күшейтеді деген үмітпен сол жаққа шақырту алды.

Келесі маусымда «Барыс» жақсы өнер көрсетіп, жанкүйер­лердің көңілі­нен шығу үшін командадан кеткен ойын­шылардың орнын жоқтатпайтын тәуір ойыншылармен құрамды күшейту керек. Алайда, «Барыс» жаңа хоккейшілерді құрамға қосуға асығар емес. Өйткені трансфер базарындағы белсенділікті бай­қай алмай отырмыз. Қазіргі таңда сүйікті командамыз өткен маусымда келісімшарты аяқталған ойын­шылар­мен жаңа келісім орнатып, клуб тәр­биеленушілерін негізгі құрамға қосудан қолдары босамай жатқан сияқты.

Мәселен, өткен аптада екі бірдей ойыншымен келісім­шар­тын ұзартты. 2016 жылдан бері «Барыс» клубында ойнап келген қорғаушы Егор Шалапов елорда командасында тағы екі жыл өнер көрсететін болды. ҚХЛ-дің өткен мау­сымында 60 ойынға қатысқан Ша­лапов бір шайба соғып, 10 рет нәтижелі пас асырған. Сонымен қатар қақпашы Хенрик Карлссонмен біржақты келісім жасалды. Хенрик 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін «Барыс» қақпасын қор­ғайды.

Ал 2017/18 және 2018/19 жылғы мау­сымда «Барыс» құра­мында ойнаған шабуылшы Мэтт Фрэттин клубқа қайта оралды. Ол да 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін елордалықтар қатарында болмақ. 32 жастағы канадалық спортшы кезінде Ұлттық хоккей лигасында да ойнаған. Нақтылап айтсақ, 2011/13 жылдары «Торонто Мейпл Лифс», 2013/14 жылдары «Лос-Анджелес Кингз», 2014 жылы «Ко­ламбус Блю Джекетс» клуб­тарының на­мысын қорғады. Биыл­ғы маусымды «Ақ Барыстың» са­пында өткізіп, 60 кездесуден кейін 33 (11 гол+22 пас) ұпай жиды.

 Сонымен қатар бұған дейін «Ба­рыс» сапында өнер көрсетіп келген  шабуылшылар Аркадий Шестаков, Роман Старченко, Никита Михайлис және қорғаушы Егор Шалапов келісім­шарттарын екі жылға ұзартқаны белгілі болды. Жуырда клубтың ресми сайты «Барыстың» екінші командасы саналатын «Номад» клубында жасындай жарқылдап, көзге түскен бірқатар ойыншылармен еңбек келісімшартын жасағанын хабарлады. Атап айтар болсақ, ҚХЛ-дің алдағы маусымында қақпашы Денис Каратаев, шабуылшылар Саян Данияр, Антон Некряч және Иван Верещагин «Барыстың» намысын қорғайды.