Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу мақсатында, карантиндік-шектеу шараларын сақтай отырып, қалыпты тәртіпте жұмысын жалғастыруда. Оған қоса, төтенше жағдай барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар өткізу онлайн форматқа ауыстырылды.
Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желі аудиториясының белсенділігі біршама артқандығы байқалады. Осы тұрғыда онлайн түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы контенттің тұрақты трансляциясын қарастыратын «Аntikor.live» жобасын жүзеге асыруда. Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшада күн сайын «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, арнайы мониторингтік топтың басшылары халыққа елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүзеге асырылатын іс жөнінде ақпараттар береді.
Сондай-ақ «Аntikor.live» жобасы аясында «Antikor ortalyǵy» сервистік орталығы алаңында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен сұхбат жүргізіліп, өзекті мәселелерге түсінік беріледі. Қазіргі уақытта облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесе отырып, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем тағайындау мәселесі бойынша, облыстық әкімшілік полиция басқармасымен төтенше жағдай тәртібін сақтамаған азаматтарды жауапкершілікке тарту, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету тақырыптарында тікелей эфирлер жүргізілді. Жоба аясында барлығы 40-тан астам тікелей эфир ұйымдастырылып, жоғарыда айтылған тақырыптар қамтылды.
Волонтер жылында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында басталған «Adal kómek» жобасы да төтенше жағдай мерзімінде онлайн-форматта жүзеге асырылуда. Құқықтық көмек алғысы келген кез келген азамат департаменттің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшасына жеке хабарлама жаза алады. Көмек сұраған әр азаматқа кеңес беріледі. Сонымен қатар наурыз айынан бастап азаматтық қоғамда парасаттылықты, әділдікті, адалдықты қалыптастыруға тарту бағытында #АdaldyqJolymen мемлекеттік челленджі іске қосылды.
Одан басқа тегін заңгер кеңесі заң саласының өкілдерімен, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен күн сайын департаменттің парақшаларында тікелей эфирлер жүргізу арқылы жүзеге асырылып, азаматтардың өзекті құқықтық сауалдарына түсінік беріледі. Бір сөзбен айтқанда, тегін заңгерлік кеңесті үйден шықпай алуға әбден болады.
Оған қоса, бұрын облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшылығы күнделікті жеке қабылдау жүргізген болса, төтенше жағдай енгізілуге байланысты департамент азаматтарды онлайн тәртіпте қабылдайды. Skype сервисі арқылы ақмолалықтар көкейкесті сауалдары бойынша басшыға тікелей жүгіне алады. Ол үшін жауапты қызметкермен тікелей эфирге шығу мерзімі туралы алдын ала келісіп алса болғаны.
Тұрғындармен тиімді коммуникация құруды жалғастыра отырып, «Ашық диалог» порталында да, департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында да жүйелі түрде интернет-конференциялар өткізудеміз. Сонымен қатар департамент қызметкерлері видеоконференция байланысын қолдану арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының басты бағытын түсіндіру бойынша онлайн-семинарлар, онлайн-дәрістер өткізуде. «Antikor ortalyǵy» сервистік орталығы алаңында онлайн-брифингтер өткіземіз.
Сыбайлас жемқорлық қаупі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг талдауына келер болсақ, департамент қызметкерлері аталған бағытта талдау жұмыстарын жүргізуде. Осылайша мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аймақта «Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі қолданылуда. Мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуға жоспарланған тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің көтерілген бағасын төмендету арқылы біз енгізген ұсыныстардан кейін ағымдағы жылдың басынан бері 22,5 млн теңге үнемделді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу іс-шараларына қоғамдық сала өкілдерінің де белсенді қатысқандығын атап өту қажет. Мысалы, «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері аймақтық арнайы мониторингтік топпен бірлесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, медицина құралдары бағаларына, блок-бекеттерде мониторинг жүргізеді және аталған бағытта басқа да іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады. Жүргізілген талдау БАҚ-та және әлеуметтік желілерде де жарияланады.
Сонымен қатар заңнамаға сәйкес қызметтік қажеттілікке байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-іздестіру жұмыстары карантиндік-шектеу шараларын сақтай отырып, қалыпты түрде жүзеге асырылуда.
Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы