Руханият • 26 Мамыр, 2020

Тамырластық тамыршысы

392 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл түбі бір түркі тілдес мемлекеттердің рухани әрі ғылыми интеграциясын жандандыру мақсатында құрылған Халықаралық Түркі академиясына 10 жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргетасы қаланған ұйым 2010 жылғы 25 мамырда елордадағы Бейбітшілік және келісім сара­йында жұмысын бастаған-ды.

Тамырластық тамыршысы

Атаулы мерекеге орай Халықаралық Түркі академиясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Прези­денті Сооронбай Жээнбеков,  Моңғолия­ның тұңғыш Президенті, академик Пунсал­маагийн Очир­бат, сондай-ақ түркітілдес мемле­кет­тердің басшылары құттықтады.

Елбасы Н.Назарбаев Халықаралық Түркі академиясының ұжымын құттықтай келе, ұйым осы мерзім ішінде бауырлас елдердің тарихы мен тілін, мәдениеті мен әдебиетін зерттеп-зерделейтін іргелі ғылыми орталыққа, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.

«Мақсатты жұмыстар жүргізудің нәтижесінде ортақ оқулықтар әзірленіп, әлемнің бірқатар тілінде кітаптар жарияланды. Біріккен Ұлттар Ұйымында және ЮНЕСКО-да Ұлы Даланың тарихы мен тұлғалары жөнінде көптеген халықаралық жиын өткізілді.

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асырылып жатқан игілікті шараларды туыстас халықтарға таныстыру орайында да бірқатар жұмыс атқарылды. Ғылыми ықпалдастық негізінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары тарихымызды түгендеуге қосылған лайықты үлес болды.

Академияның қызметі алдағы кезде де жемісті жалғаса беруін тілеймін», делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында Халықаралық Түркі академиясының күллі түркі әле­мі­нің ынтымағын нығайту ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ғылыми ордаға ай­­налғанына екпін берді.

«Академия бауырлас халықтардың тереңнен бастау алатын ортақ тарихы мен тамырын жаңғырту, өркениеті мен мәдени құндылықтарын насихаттауда толайым табыстарға қол жеткізді. Көптеген зерттеу мен ағартушылық жұмыстың нәтижесінде түркітілдес мемлекеттердің бай мұрасы төрткүл дүниеге паш етіліп, ата-бабадан мирас болған туыстық баянды жалғасын табуда.

Осы ретте, Академия қызметкерлерінің тұшымды ойы мен салиқалы еңбектері түркі дүниесімен ғана шектелмей, халық­аралық қауымдастыққа кеңінен танылып, жоғары бағасын алғанын ерекше атап өту орынды.

Бұл бағындырған белестер түркі әле­­мінің мерейін үстем, бірлігі мен бола­­шағын берекелі ету жолындағы жұмыстың жарқын көрінісі екені сөзсіз», делінген құттықтау хатта.

Түркі академиясын Қырғызстан Пре­зи­денті Сооронбай Жээнбеков те құттықтап, ұйымның әлемдік деңгейде көптеген іс-шара өткізіп, түркология саласында құнды еңбектер жариялап, рухани интеграцияны нығайтуға мол үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Кейінгі жылдары қырғызтану ілімінің қанат жаюына, қырғыз мәдениетінің түркі дүниесінде, шетелдерге таныту­да, қырғыз ғалымдарын әлемдік конфе­рен­цияларға белсенді қатыстыру ісінде Халықаралық Түркі академиясының ат­қарған жұмысы ерекше. Бұл бастамаларды біз жоғары бағалаймыз. Халықаралық Түркі академиясының алдағы жұмыстарына табыс тілеймін», делінген құттықтау хатта.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп бауырлас елдердің келісімімен құрылған бірегей ұйымның түркі әлемінің ортақ тарих бен  мәдениетін зерттеп, дүниежүзіне насихаттауда ілкімді жобалар атқарып отырғанына сенімді екенін атап өтті.

«Түркі академиясы өзіне жүктелген түркі әлемінің тарихын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуден басқа ғылыми және тарихи деректерді анықтап, жарыққа шығару бойынша да жұмыстарды үйлестіретін орталыққа айналды.

Академия өткен мерзім ішінде түркі халықтарының ғылыми орталықтарына білім және ғылым салаларында қолдау көрсету мақсатында маңызды жобаларды іске асырып, көптеген жиын өткізді. Сондай-ақ түркі тілдес елдердің ғалымдары мен зиялы қауымының басын қосатын маңызды алаң рөлін атқарып келеді», делінген құттықтау хатта.

Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат өз құттық­та­уында Халықаралық Түркі академиясының ғылыммен ғана айналыспай, Еуразия көшпенділерінің тарих пен мәдениетін зерттеуге қомақты үлес қосып, Қазақстан мен Моңғолияның зерттеу саласындағы ортақ жұмыстарын нығайтып отырғанына ризашылығын білдірді.

Венгрияның Ұлттық ассамблеясының (Парламент) вице-президенті Шандор Лежак Халықаралық Түркі академиясын мерейтойымен құттықтап, Мажар­стан­ның ұйымға бақылаушы ретінде қаты­суының маңызын атап өтті.

«Халықаралық Түркі академиясы қа­зіргі таңда түркі мәдениетінің, дәстүрі­нің сақ­талуын, төрткүл дүниеде түрко­ло­­гия­ның дамуын қамтамасыз етуде маң­ыз­ды рөл ойнайды. Бұл – ұйымды құру­да­ғы баста­маның өміршеңдігін көрсе­теді», де­лін­ген Ш.Лежактың құттықтау хатында.

Бұдан бөлек, Халықаралық Түркі академиясын 10 жылдық мерейтойымен түркі тілдес мемлекеттердің жауапты минис­тр­лері, Түркі кеңесі, ТүркСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшыла­ры, ұлттық ғылым академияларының же­текшілері мен танымал түрколог ғалымдар да құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

Жалпы, түгел түркінің арасында TWESCO атанып кеткен Халықаралық Түр­кі академиясы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың есімімен тығыз байланыс­ты. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчы­ван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX сам­мит­інде Н.Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Елбасының бастамасын саммитке қатысқан елдердің басшылары бір ауыздан қолдады. Осы­лайша Нахчыван декларациясы аясында түгел түркінің білімі мен ғылымына ұйытқы болатын орталық ашуға сөз байласты.

Бұл оқиғаны қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбеков былай еске алады: «2009 жылы Әзербайжанда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтті. Сол жиынға Елбасымызға еріп мен де бардым. Іс-шара барысында Нұрсұлтан Әбішұлы екі мәселе көтерді. Бірі – білім саласындағы интеграция­ны жетілдіретін орталық, екіншісі – Түр­кі әлемі ақсақалдар кеңесін құру. Сам­митке қатысушылар екі ұсынысты да қол­дады».

Нахчывандағы келісім түркі тілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесуге айналды десек қателеспейміз. Мәселен, осы декларацияға сәйкес, Түркі­тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі құрылды. Кейінірек, 2010 жылғы 25 мамырда құжатта айтылған мә­селелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.

Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түр­кия Президенті Абдуллаһ Гүл, сон­дай-ақ Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ре­сей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Яку­тия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемле­кеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.

«Бұл – түркі тектес елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын, тарихи маңызы бар оқиға», деген еді Елбасы Н.Назарбаев 10 жыл бұрын Түркі академиясының ашылу салтанатында.

Түркі академиясы көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өр­ке­ниеттегі орны мен ерекше үлесін төл­тума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылы­ми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналуды мақсат тұтты.

TWESCO-ның халықаралық дәрежеге ие ұйым болуы 2012 жылғы 22-23 тамызда Қырғызстанның астанасы Бішкекте өткен Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастық кеңесінің ІІ саммитінен бастау алады. Алқалы жиында Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойылды. Келісімді саммитке қатысушы елдер ратификациялағаннан кейін Қазақстанда 2010 жылы құрылып, жұмыс істеп тұрған Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды.

Осылайша түркітілдес төрт елдің –  Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия ерікті түрде құрған бірегей халықаралық ғылыми ұйым өз жұмысын ауқымды деңгейде жүргізе бастады.

Халықаралық Түркі академиясы
10 жыл­дың ішінде қыруар шаруа атқарды. Әсі­ресе білім және ғылым саласында, ру­ха­ни тұрғыда түркітілдес елдердің инте­г­рациясын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қоғам және мемлекет қайраткері М.Жолдасбековтің айтуынша, тарлан тарихқа көз жүгіртсек, 10 жыл аз уа­қыт. Соған қарамастан, Халықаралық Түр­кі академиясы осы қысқа мерзімде ортақ тарихи мұралар мен жәдігерлерді түген­деп, түгел түркінің тамырын жалғай­тын, ғылымы мен білімін, өнері мен мәде­ниетін ұлықтайтын талай тірліктің басы-қасында жүр.

«Халықаралық Түркі академиясы бүгінде дүние жүзіне танылған ұйымға айналған. Әсіресе түбі бір түркі әлемінің интеграциясына зор үлес қосып келеді. Кейінгі жылдары Түркі академиясының беделі өсті. Халықаралық деңгейде үлкен шаралар өткізіп жүр», дейді М.Жолдасбеков.

Мұндай пікірді қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов те қуаттайды. Оның айтуынша, Түркі академиясы түгел түркінің білімі мен ғылымын байланыстырып, өзара интеграцияны нығайтуға зол үлес қосып отыр.

«Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен жарық көрген құнды кітаптар өте көп. Түркі әлемінің ұлы ғұламалары мен ойшылдарының еңбектері аударылып, оқырманға ұсынылды.

Халықаралық Түркі академиясының тағы бір атауы – TWESCO. Төрткүл дү­ние­нің мұрасы мен құнды жәдігерлерінің басы-қасында ЮНЕСКО жүрсе, оған аты да, заты да сай «ТУЭСКО» түркі әлем­нің тарихын түгендеп жүр. Келе­шекте Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО секілді іргелі ұйымға айналатынына сенімдімін. Осы тұрғыдан алғанда ұйымға да, басшылығына да зор алғыс білдіремін», дейді Ә.Ахметов.

Бұл пікірдің жаны бар. TWESCO ұжымы атқарған еңбек ұшан-теңіз. Әсіресе 2016 жылдан бастап ұйымның жұ­мы­сы жанданып, түрлі халықаралық форум­дар мен жиындар өткізіліп, бірнеше халықаралық экспедиция ұйымдас­ты­рылды.

Сондай ірі шаралардың бірі – «Кен­тай­дан Ұлытауға дейін: тарихи жады­ның жаңғыруы» III халықаралық экспеди­циясы. Экспедициялық топтың құрамында шетелдік меймандардан Моң­ғолия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан ел­дерінің зерттеуші ғалымдары қатыс­ты. Моңғолиядан сапар бастаған экспе­ди­циялық топтың елеулі сапарының арысы Алтын Орда, берісі Қазақ хандығының ізі сайрап жатқан Ұлытауда аяқталуының өзіндік маңызы мен миссиясы бар.

Халықаралық Түркі академиясы түр­кі халықтарының ғылыми қауымдас­ты­ғының ғылым мен білімін дамытып, басқа да түркі тілдес мемлекеттер қай­рат­керлерінің бастамаларына жағдай жасап, олардың басын бір арнаға тоғыстырып келеді.

Бүгінде бауырлас түркі елдерінің ғылым және білім беру салаларын үйлес­ті­ретін институционалды инте­гра­ция­лық құрылымға айналған Түркі акаде­миясы БҰҰ, ЮНЕСКО, IRCICA, ISESCO қатарлы іргелі халықаралық ұйым­дар­мен әріптестік байланыстар орнатып, көптеген ілкімді жобаны жүзеге асырады.

Академияның қызмет ауқымы жылдан жылға артып келеді. 2018 жылы Академияға Мажарстан Республикасы бақылаушы мемлекет ретінде қабыл­данды. Былтыр Әзербайжанда өткен Түр­кі кеңесінің VII саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Академияға мүше болуға ниетті екенін мәлімдеді.

Туыс елдердің баршасымен жоғары деңгейде байланыс орнатқан Академия 10 жыл ішінде Еуразия және Америка құрлықтары ғалымдарының қатысуымен 120-дан астам ғылыми шара өткізіп үлгеріпті. Бұған қоса, әлемнің көптеген тілінде 170-тен астам жаңа ғылыми еңбекті әзірлеп шығарды.

Халықаралық Түркі академиясы Түркі кеңесі Саммитінде Мемлекет бас­шы­лары берген тапсырмаларды жоғар­ғы деңгейде орындап жүр десек ар­тық айтқандық емес. Мәселен, Түркі ынты­мақтастығы үшін маңызды бірқатар құжат әзірледі. Атап айтқанда, Түркі инте­г­рациясының тұжырымдамасы мемлекет басшыларының саммитінде мақұлданса, Академия дайындаған ортақ оқулықтар бауырлас елдерге кең таралып, мектеп бағдарламаларына енгізілген.

Академия шығарған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары ортақ мұраны зерттеуді көздеген ғалым­дар­дың таптырмас еңбегіне айналды. Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшы­ларының тапсырмасымен «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Әзербайжан, Қазақ­стан және Түркия мектептерінің бағдар­ламасына енгізіле бастады. Одан бөлек академия «Домбыра» пәнінің оқулық жобасы және «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» туралы кітаптарды таныстырды.

Академия жанындағы Нахчыван келі­сімі бойынша құрылған Түркі кітапха­насында 70 мыңға жуық кітап қоры бар. Со­нымен қатар түркі халықтарының терең­нен тамыр тартатын мол мұрасы Түркі музейінде топтастырылған. Бүгінгі таңда Халықаралық Түркі академиясы түбірі бір түркі халықтарының алтын арқауына айналып үлгерді.

Биыл Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіледі. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы «Тоныкөк жылының» ресми ашылуын жариялады.

Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясының 10 жылдығы қарсаңында түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында «Абай және XXI ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» тақырыбында онлайн конференция өтті.

Тарлан тарих ұлттық мүдде мен ортақ мүдде арасындағы теңгермелікті сақтай отырып, өзара түсіністікте қоян-қолтық жұмыс істесе, толайым табыстарға қол жеткізуге болатынын көрсетті. Түркі жұртының бірігіп, бас қосқаны заман талабы. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясы түркі дүниесінің төрт құбыласын түгендеуге зор үлес қосып келеді. Кезінде дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, мәңгілік ел орнатуды армандаған ержүрек түркілердің мұралары мен құндылықтарын ұлықтау үшін құрылған ұйымның келешек ұрпаққа берері мол.