Тыба басшысының айтуына қарағанда, өзінен басқа тағы бірнеше лауазымды шенеунік індет жұқтырған екен. Олардың бәрі емделіп жатыр. «Ауруханада менен басқа Тагна және Үлэгхэм кожуун (аудан) әкімдері, сондай-ақ аппарат қызметкерлері ем қабылдап жатыр. Пандемияның беті өте жаман. Денсаулыққа әсер ету жолдары да әртүрлі. Біреудің басы қатты ауырса, келесі адамның өкпесі зақымданған. Енді біреулер аса қинала қоймады. Десе де дәрігерлер қауымының еңбегі ерекше. Бізге жоғары деңгейде сауықтыру шарасын жүргізуде. Бұйырса, бұны да жеңіп шығамыз деген үміт мол» депті Кара-оол мырза.
Сонымен қатар, республика басшысы коронавирус өзі ойлағанынан қауіпті екенін айтып, адамдарды сақ болуға шақырды. Дәл қазір аталмыш елде індетке шалдыққандар саны 800-ге жуықтап, олардан 100-ге жуық адам сауығып шықса, бірлі-жарымы қаза тапқан көрінеді.
Республика басшысының баспасөз хатшысы Долаана Салчак таратқан ресми мәліметіне жүгінсек, елге басшылық жасау жұмысы республиканың жауапты министрі Александр Брокертке уақытша жүктеліпті.