Спорт • 26 Мамыр, 2020

Арсен Венгердің бағдарламасы ел футболына енгізіледі

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясы жас дарынды ойыншыларды анықтап, әрі қарай дамытатын ерекше бағдарламаны жүзеге асырмақ. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

Арсен Венгердің бағдарламасы ел футболына енгізіледі

ФИФА мамандары мен Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының жетекшілері қатысқан онлайн-конференцияда Talent Development – Football Ecosystem Analysis бағдарламасын іске қосу жолдарына тоқталды.

Ауқымы кең бағдарламаның жетекшісі – аты әлемге танымал бапкер, қазіргі таңда Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясының қызметкері Арсен Венгер. Бірнеше жылдан бері ол ФИФА-ның әлем футболын дамыту бөлімін басқарды.

«Бағдарлама арқылы әр бала өзінің шеберлігін көрсете алады. Көптеген елде ұлттық құрамаға баса назар аударады. Ұлттық құраманың ойыны елдегі футболдың даму деңгейіне әсер ететіні анық. Алайда, жетістікке бәрі бірдей жете бермейді. Еуропа мен әлемнің басқа елдеріндегі футболдың арасында үлкен айырмашылық бар. Жас дарындарды анықтап, олардың өсуін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар ғана жағдайды реттей алады», деп мәлімдеді ФИФА-ның футболды дамыту бөлімінің басшысы Арсен Венгер.

Арсен Венгердің Talent Development – Football Ecosystem Analysis бағдарламасында Раймондас Статкявичус және Эдвинас Эймонтастан басқа да көптеген мықты мамандар бар. Олардың арасында АҚШ әйелдер құрамасын жаттықтырған Эйприл Хайнрихс пен Англия құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарған Стив Макларен бар.

«Жобаның міндеті – футбол мектептерінің дарынды тәрбиеленушілерін анықтап, оларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Бағдарлам ең алдымен қазақ футболын зерттейді. Дарынды жастардың шеберлігін арттыру мен тәрбиелеу жолдары, селекция мен инфрақұрылым мәселелерін толық ұғыну керек. Әр ұлттық қауымдастықпен жеке жұмыс жүргіземіз. Жастарды дамыту жолы кейбір елдерде ұқсас болып келеді. Кей жағдайда дарынды жастарды әртүрлі себептермен көзге ілінбе қалып жатады. Осындай жағдайларды азайтуға тырысамыз», дейді ФИФА сарапшысы Эдвинас Эймонтас.

«Жас таланттарды іздеу үш негізгі бөлімнен тұрады. Дарынды тәрибеленушілерді анықтау, олардың ортасын қалыптастыру және жұмысқа кәсіби біліктілігі жоғары бапкерлерді қабылдау. Бағдарлама әр елдегі үміті бар ойыншыларды дамыту мақсатында жүзеге асырылады. Зерттеу жұмыстарының ауқымы кең. Талдау! Нәтиже! Футболдың деңгейін көтеруді қамтамасыз ету үшін ұлттық футбол қауымдастықтарымен белсенді ынтымақтастық күтіп тұр», деп атап өтті Стив Макларен.

ФИФА-ның ресми мәліметі бойынша, Talent Development – Football Ecosystem Analysis бағдарламасына негізгі критерийлер бойынша іріктеліп алынған футбол мектептері енеді:

- Оқу-жаттығу жиынын жүргізу үшін жеке немесе ұзақ мерзімді жалға алынған тұрақты спорт ғимаратының болуы;

- Қазақстанның әртүрлі жасөспірімдер құрамасына шақырту алған ойыншылар санының көптігі;

- Кем дегенде үш жас ерекшелігі бойынша тәрбиеленушілер тобы болуы қажет. Оның біреуі 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының категориясына сәйкес келуі тиіс;

- Штатта кем дегенде үш бапкер болуы қажет;

- Директор басқа клубта немес өзге қызметте болмауы тиіс;

- Ұлттық қауымдастық ұйымдастыратын балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға тұрақты қатысуы қажет.

«ФИФА-ның жаһан футболын дамыту бөлімін басқаратын Арсен Венгердің футболшылармен жеке жұмыс істей алатын керемет маман екенін білеміз. Әсіресе, дарынды жастардың жолын таба алады. Беделді маманның тәжірибесі арқылы ұсынылған бағдарламаның маңызы зор. Әр елге арналған жобаның табысты жүзеге асырылатынына сенім мол», дейді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин.