Қоғам • 26 Мамыр, 2020

Экологиялық қауіпсіздік кепілі - жаңа кодекс

1289 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда экологиялық қауіпсіздік тұтастай ұлттық қауіпсіздіктің басты бір бөлінбес бөлшегі болып табылады. Осы орайда 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабында «Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы жағдай туғызатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді» деп тайға таңба басқандай айқын көрсетілген.

Экологиялық қауіпсіздік кепілі - жаңа кодекс

Бұл тұрғыдан елімізде соңғы уақытта бірқатар мәселелер қолға алынғанымен, экологиялық ахуалды жақсарту ісінде шешімін таппаған түйіндер мен проблемалар әлі де жеткілікті екені айқын көрінеді.

Айталық өткен 2019 жылдың орта шенінде Nonеws веб-сайтында Numbeo статистикасына сәйкес қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты әлем елдерінің рейтингісі жарияланды. Осы рейтингте Қазақстан әлемдегі 109 елдің ішінде 25-ші орынды қанағат түұтыпты. Бұл дерек елімізде төмен экологиялық ахуал қалыптасып отырғанын көрсетеді. Мұның басты себебі неде? Бұған дейінгі жүргізілген зерттеулер мен талдаулар еліміздегі шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қызметтерін атқару кезінде экологиялық талаптар мен заңдылықтарды орындауға енжарлық танытып келгенін дәйектейді. Мұндай жағымсыз жайт өз кезегінде аталған мәселені реттеудің төмен деңгейіне әкеліп соқтырған.

Сонымен бірге қоршаған ортаның ластануының жоғарғы деңгейіне қазіргі қолданыстағы экологиялық кодекстің азусыздығы мен солқылдақтығы да ықпал еткені айқын байқалады. Эколог-мамандардың мәлімдеуінше елдің басты экологиялық құжаты тек бір ғана «өзін-өзі бақылау» және «қалдық қаржыландыру» қағидаттарына негізделіп келіпті. Осы жылдар ішінде аталған кодекске «әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында» 64 рет түзету енгізілгені де еліміздегі зиянды қалдықтар шығаратын ірі кәсіпорын иелерінің аяқтарын алшаң басуына қолайлы жағдайлар туғызыпты. Оның елеулі әрі қомақты бөлігі 2015-2018 жылдар аралығында жасалған екен.

Бұдан бес жыл бұрын ҚР Кәсіпкерлік кодексі қабылданған кезде де экологиялық бақылау талаптары едәуір төмендетілген. Сөйтіп әлеуметтік-экологиялық мәні мен маңызы жоғары шаралар субъектіге бармай-ақ тек бір ғана профилактикалық бақылаулар жүргізумен ауыстырылған. Әрі осы уақыт аралығында кәсіпкерлерге салынатын әкімшілік айыппұлдар мен талап арыздардың мөлшерін едәуір мөлшерде төмендету мәселесі қайта қаралған. Бұған қоса айыппұл төлеуге жататын ластаушы заттар тізілімі де қысқартылған. Осылайша «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң еліміздегі ауаны ластаушы кәсіпорын иелері экологиялық талаптарды белден басуды әдеттеріне айналдырған. Аталған кереғар көріністің  еліміздің жетекші индустриалды аймағы Ақтөбеге қатысты тұстары жөнінде Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов газет тілшісіне төмендегіше жеткізді.

– Бұдан он жылдан астам уақыт бұрын, яғни 2008-2009 жылдары тек Ақтөбе облысы бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін жиналған төлемдер сомасының көлемі шамамен жиырма миллиард теңгеге жақындап қалатын-ды. Әйтсе де өткен 2019 жылы облыстық бюджетке түсетін айыппұлдар мен төлемдер мөлшері екі есеге дейін төмендеп, небәрі  тоғыз миллиард теңгені құрады. Мұны табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарға немқұрайды қарауының салдары десек қателесе қоймаспыз.

Әрине мұндай жағдай өңірдегі ірі кәсіпорындарда қоршаған ортаға эмиссияны азайту және өндірісті жаңғырту жұмыстары мүлдем жүргізілмей жүр екен деген мағынаны білдірмейді. Осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында оның оң мысалдарына да куә болған едік. Айталық облыстағы ірі кәсіпорындарының бірі Ақтөбе хром қосындылары зауыты сонау 2001 жылдың өзінде коммерциялық өнімдерге арналған шикізат өндірудің тың, теңдесі жоқ технологиясын енгізген еді.

Осылайша монохромит тұнбасын шламды тоғандарға орналастыруды төрт есе азайтуға жол ашылды. Сонымен бірге алтываленттік улы хром құрамы алты есеге дейін төмендетілді. Әрі атмосферадлық ауаға канцерогенді қосылыстар мен кальций хромдары шығарылуын болдырмаудың таптырмас мүмкіндігі жасалды. Арада үш жыл өткен соң іргелі кәсіпорын ISO14001 талаптарына сәйкестік сертификатына қол жеткізді.

Мұндай мәселедегі оң мысалдарды Дөң-тау кен байыту комбинатына қатысты айтуға да болады. Мұнда артық және қуыс жыныстарды пайдаланылған каръерлерге орналастыру технологиясы енгізілді. Оның көмегімен қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір көлемде төмендетуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ өңірде «Жасыл экономиканы» орнықтыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы экологиялық ахуалды сауықтырудың басты бір жолы ретінде қарастырылған. Оны өңір жаңашылдары италиялық инвесторлармен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Айталық өткен жылы Қарғалы ауданында қуаты 48 меговаттық жел-электр бекетінің алғашқы кезеңінің іске қосылғаны алдыңғы пікіріміздің айғағы.

Әйтсе де жоғарыда айтылғандай өңірдегі саусақпен санап аларлықтай кәсіпорындардың экологиялық нормативті толық жүзеге асыру жөніндегі қапысыз қадамдары мен қимылдары жүздеген ірі және орташа кәсіпорындар шоғарында тым аздық ететіні де аян. Тұтастай алғанда бүгінгі күні Ақтөбе облысының экологиялық жағдайы күрделі күйінде қалып келеді десек шындықтан ауытқи қоймаспыз. Өйткені өңір аумағында ауаны ластаушы зиянды заттар көлемі жылдан-жылға өсіп келеді.Бұл тұрғыда Ақтөбе ел өңірлері арасында төртінші орында тұрғаны да қол соға қоятындай жетістік болмаса керек.

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 2019 жылдың 22 мамыры күні облысқа келген сапары кезінде орын алып отырған  экологиялық пролблемаларға баса назар аударғаны тектен-тек деуге болмайды. Экологиялық проблемаларды шешудегі басты тетіктердің бірі қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетін факторларды барынша төмендету екені белгілі. Өңірде істің дәл осы тұсы мен қыры төрт аяғынан тең баса алмай тұр деуге болады. Бұл тұрғыда соңғы жылдары Ақтөбе қаласында заңды тұлғалар өз қадамдарын қоршаған ортаға зиян келтіретін пайдамен өлшеп жүргендері өкінішті-ақ.

Экологиялық қарым-қатынастарды тұнығы лайланбаған таза қоршаған  ортаны ластағаны үшін төлеген ірі көлемдегі айыппұл ақшасымен өлшеуге мүлдем болмайды дер едік. Ашығын әрі ақиқатын айтқанда таза қоршаған орта Ата заңымызда көрсетілгшендей – мемлекетіміздің басты байлығы. Бейнелеп айтқанда бұл – ұлт денсаулығының кепілі. Мәселен соңғы кездері медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру көлемін көтеру қажеттілігі жөнінде жиі айтыла бастады. Дұрыс-ақ, расында да мұның өзі құптауға да, қолдауға да әбден тұрарлық мәселе.

Сонымен бірге бұл арада бұрын болмаған аурулар мен дерттердің түрлері өсуіне қандай факторлар мен құбылыстардың әсер еткені ұдайы назарымызда тұрса бұдан еш ұтылмас едік. Яғни, эколог-ғалымдар аурудың 30 пайызы қоршаған ортаның ластануымен байланысты болатынын мәлімдеп отырған жағдайда жоғарыда айтылған жайттың көкейкестілігі одан әрі тереңдей түспек. Осы арада бүгінгі күні республика тұрғындары Парламентте талқылау мен қабылдау сатысындағы жаңа Экологиялық кодекстен үлкен үміт күтіп жүргенін айтудың да реті келіп тұрғандай.

– Мұнда атмосфералық ауаға жіберілген зиянды заттар мен қалдықтарды барынша төмендету үшін ең озық технологияны қолданған отандық және шетелдік компанияларды экономикалық тұрғыдан ынталандырудың тиімді тұтқалары қарастырылған. Сонымен бірге Экологиялық кодекс жобасында кешенді экологиялық рұқсат ала алмаған кәсіпорындар үшін төлемдердің едәуір өсуі белгіленген. Сондай-ақ экология саласында орын алған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселелері де кеңінен көрініс тапқан. Жаңа экологиялық кодекс жобасындағы мүндай өрелі өзгерістер еліміздегі бірқатар алпауыт кәсіпорын иелеріне ұнамауы да мүмкін. Сондықтан олар мұндай кодекстің қабылдануына мүдделі болмауы да ғажап емес. Дегенмен жаңа экологиялық кодекс еліміздегі күрделі экологиялық проблеманы реттеуге оң ықпалын тигізе алатынына сеніміміз мол, – дейді Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Бүгінгі әңгімемізді түйіндей келе ел тұрғындары мемлекетіміздің бас экологиялық құжаты қабылданатын кезді, әрі бұл үдерістің барынша жеделдетілуін асыға күтіп жүргенін айтқымыз келеді. Олар бұған дейін қолданыста болған кодексте тиісті талаптардың арқауы босаң, солғын болғаны еліміздегі экологиялық ахуалдың күрделене түсуіне әсерін тигізді деп есептейді. Бұл бағыттағы тұрғындар тілегі орынды деп санаймыз.

Шын мәнісінде мұндай жағдайда еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне нұқсан келуі қаупін жоққа шығару қиын-ақ. Талас жоқ, жаңа экологиялық кодекс еліміздегі қоршаған ортаны ластайтын ірі кәсіпорындардың жауапкершілігін көтеруге ықпалын тигізіп, экологиялық мәдениеттің өсуіне оң әсерін тигізетін болса, ел-жұрттың тілегі қабыл болғаны емес пе?!

Лайым да, солай болғай!

 

АҚТӨБЕ