Қоғам • 26 Мамыр, 2020

Бейбiт жиналыстар туралы заң – уақыт талабына сай батыл қадам

302 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi» атты Жолдауында елiмiздi дамудың жаңа сапалы кезеңiне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын атап айтқан болатын.

Бейбiт жиналыстар туралы заң – уақыт талабына сай батыл қадам

Ал реформаны, оның iшiнде экономиканы реформалауды елдiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғырту арқылы ғана icке асыруға болатынына тоқталды.

Мемлекеттiң қоғамдық-саяси өмiрiнде азаматтардың өз ойлары мен ұстанымдарын жеке немесе топтасып бiлдiруi ерекше орын алады. Ол негiзiнен бейбiт жиналыстар арқылы жүзеге асырылады.

Бұл әлемде кеңiнен таралған және адам құқықтары мен бостандықтарына байланысты халықаралық құжаттарда шешiмiн тапқан.

Қазақстанда бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзуге азаматтық қоғам институттары белсене араласуда. Ол жылдан жылға сан және сапалық тұрғыдан өсiп, күш алып маңызды мәнге ие болып келедi.

Бiздiң елiмiзде «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заң болды. Ол мемлекеттiң тәуелсiздiк алған алғашқы жылдарында 1995 жылы 17 наурызда мемлекеттiң қалыптасу кезеңiнде қабылданған болатын. Оның құрылымдық және мазмұндық сипаттағы кемшiлiктерiмен бірге, ол қоғамның бүгiнгi даму деңгейiне, оның сұраныстарына толық сәйкес келмейтiн еді.

Бұның өзi азаматтар мен азаматтық қоғам институттары тарапынан наразылық пен қоғамда түсiніспеушiлiктiң тууына себеп болып, халықаралық ұйымдар тарапынан да сынға алынды.

Осыған байланысты Президент Жолдауында, митингілер туралы заңнаманы жетiлдiру туралы тапсырма берілді. Онда «Егер бейбiт акциялар Заңның шеңберiнен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсiнiстiкпен қарап, жиындарды өткiзу үшiн арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетiнде болмауы тиic» - деп атап көрсетілдi.

Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» заңы Президент жолдауын icке асыруға және жоғарыда аталған олқылықтарды түзеуге бағытталған. Заңның қолданыста болған бұрынғы заңмен салыстырғанда тұжырымдамалық тұрғыдан да, осы саладағы туындайтын қатынастарды реттеудiң құқықтық тетiгi жөнiнен де көп айырмашылығы бар.

Үш тараудан және 21 баптан тұратын заң Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт және қарусыз жиналып бейбiт жиналыстар өткiзу құқығын icке асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейдi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға (пикет) тұруға Қазақстан азаматтары ғана құқылы.

Бұл мәселеде Конституцияның ең жоғары заңды күшi барын және Республиканың бүкiл аумағында тiкелей қолданылатынын ескеру керек.

Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдарға түсiнiк берiлген. Олардың iшiнде, бейбiт жиналыстардың барлық бес түрiне, «қатысушы», «ұйымдастырушы», «арнайы орын» ұғымдары бар.

Ұғымдар түсiнiгi - заңды қолдану кезiнде бiркелiлiктi қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн маңызды норма.

Заң - бейбiт жиналыстар бостандығы құқығын шектеу негiздерiн нақты айқындаған.

Ондай негiздер қатарына: мемлекеттiк қауіпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кiредi. Бұдан басқа жағдайларда бейбiт жиналыстарды шектеуге жол берiлмейдi.

Аталған норма «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» Халықаралық Пактiге (21 бап) сай келедi.

Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзудiң 6 қағидаты белгiленген. Соның бiрi - бейбiт жиналыстар өткiзу пайдасына презумпция. Бұл қағидат - бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзуге қатысты мемлекет тарапынан ұсынылып отырған тың және халықаралық тәжiрибеге үндес бастама.

Тағы бiр ерекшелік бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды анықтауға байланысты. Бұл жерде, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органдары - мәслихаттарға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

Мәслихаттарға:

1) бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орынды;

2) арнайы орындарды пайдалану тәртiбiн;

3) арнайы орындарды шектi толтыру нормаларын;

4) арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды;

5) пикеттеудi өткiзуге тыйым салынған iргелес аумақтардың шекарасын айқындау құқығы берiлген.

Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу бұрынғы рұқсат ету түрінен аралас нұсқаға ауыстырылды. Яғни, пикет, жиналыс, митинг нысанында бейбiт жиналыстар өткiзу хабарламалық тәртіпте іске асады.

Заңмен пикеттеу ерекшелiктерi белгiленген. Пикет өткiзуге тыйым салынған жерлер мен аумақтарының түпкiлiктi тiзiмi анықталған. Осы жерлерден басқа жерлерде пикетке рұқсат етiледi. Бейбiт жиналыстың осы түрiн таңдаған азамат арнайы орындарда жергiлiктi уақыт бойынша сағат 9 бен 20 арасында тұруға құқылы. Ал арнайы орындардан басқа жерлерде тұратын болса оның уақыты күнiне екi сағат болып белгiленген.

Жергiлiктi атқарушы органдарының бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тартуына себеп болатын негiздер түпкілікті анықталды. Бейбiт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешiмдер мен әрекеттерге шағым жасау, осы саладағы заңнаманы бұзғаны үшiн жауапкершiлiкке байланысты нормалар қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты заңды жетілдіруге бағытталған бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Олардың бір тобы бейбiт жиналысты ұйымдастырушының мiндеттерi мен бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге бейбiт жиналысқа қатысушының әрекетiне тыйым салу туралы тармақтарға қатысты болды.

Заң жобасында бейбiт жиналысқа қатысушылардан өз бетiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету - ұйымдастырушыға  мiндет қылып жүктелген. Сол сияқты, бейбiт жиналысты өткiзу кезiнде ұйымдастырушыға бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған.

Бұл нормалар алынып тасталды. Себебi, кей жагдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану кажеттiлiгi туындауы мүмкiн. Бұндай жағдай болған кезде жоғарыдағы нормалар азаматтардың құқығын шектейдi. Сол сияқты бейбiт жиналысқа қатысушының денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн толықтыру енгізілді.

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар котерiлдi, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түскен болатын.

Оны ескере отырып астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешiм қабылданды. Бұл жиналыстар,  митингiлер, тосқауыл қоюға қатысушылардың «көрiну мен естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады.

Қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беретін маңызды нормамен толықтырылды.

Заң азаматтардың өз ойын білдіруге қатысты мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Ол еліміздің қоғамдық – саяси өміріндегі уақыт талабын ескере отырып демократиялық үдерісті жалғастыруға бағытталған батыл қадам деп айтуға болады.

 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты