07 Сәуір, 2010

“ХАЛЫҚТЫҢ АРҚАСЫНДА ДӘУЛЕТ ЖИНАП ОТЫРМЫЗ”

617 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
немесе қалталы азаматтарға құлаққағыс Осы күні газет беттерінен қал­та­лы азаматтардың ауылға мешіт тұрғызып бергені жайлы хабарлар­ды жиі оқитын болдық. Мұндайда сүйсініп қаласың. Қалталы адам­дар­дың өзім-өзім дей бермей, бір мезгіл айнала­сына көз салып, жұртты иманды­лыққа ұйытуға өз үлесімді қоссам деген ниетіне қуана­сың. Жүрегі­нің жылуы қайт­паған осындай адамдар қатары көбейе берсе екен деп тілейсің. Содан да сезімі сергек азаматтарға ой салар деген ниет­пен өзім куә болған, өз көзіммен көрген бір жәйтті де айтуды жөн көріп отырмын. Осыдан бірер жыл бұрын Түркияда болған едік. Іссапар барысында осы елдің Қоже­лі аймағын аралаған бола­тын­­быз. Бізді осы аймақтың басшысы қабылдады. Ол аймақ­тың тыныс-тіршілігін айта оты­рып, сөз орайында бір кәсіпкердің жаңа мектеп салып, әлгінде ғана кілтін тапсырып кеткені жайлы әңгіме­леген. Тіпті бізді сол мектепті бірге көріп қайтуға да шақырды. Оның айтуынша, мұндай қадам бұл елде қалыпты жәйтке айналғанға ұқсайды. Мектеп қана емес, университет, колледж сияқты іргелі оқу орындарын да жеке адамдар бар керек-жарағымен өз қаржысына салып беретінін де тілге тиек еткен. “Жақсыны көрмекке” деген ғой. Біз де әлгі жаңа салынған мектепке баруға ынта білдір­генбіз. Сыры кеппеген жаңа мектептің іші-сырты айнадай жарқырап тұр екен. Бір емес, екі спорт залы, стадионы, бассейні бар. Аймақ басшысы айтқандай, әлгі кәсіпкер тек мектептің ғимаратын тұрғызып берумен шектелмей, қажетті жа­сау-жабдықпен түгелдей қамтама­сыз етіпті. Әр партада бір-бір компьютер. Оның бәрі интернет­пен байланысқан. Несін жасы­райық, қызығып-ақ қалдық. ­– Мұны салған аса бір дәулетті адам шығар, – дедік біз аймақ басшысына. – Жоқ, аса асып-тасып жатқан дәулетті адам деп айтуға болмас. Орта білімді кәсіпкер. Оның кеңсесі осы арадан қашық емес, қала­саңыздар, жол жөнекей соға кетейік. Ол да қуанып қалсын, әрі бәрін өз аузынан естігенге не жетсін, – деген ол дереу әлдекімге телефон шалды да, бізге қарап – О, жолымыз оң бол­ды. Әлгі кәсіпкер азамат өз орнында отыр екен. Сіздерді қарсы алуға дайын, – деді де жол бастады. Расында да, біз іздеген адам­ның кеңсесі алыс емес екен. Ол бізді ұжымымен қарсы алды. Екі қабатты шағын кеңсеге кірдік. Кәсіпкер мәшиненің дөңгелегін жасап, оны сатумен айналысады екен. Соған орай, жұмыс процесі­мен де бізді таныстырып өтті. Орайы келгенде, біз одан “шама­сы, бұл бизнестің түрі аса табыс­ты болар”, деп едік, “тәубе, жаман емес. Өзімізге жетеді” деп қысқа ғана жауап қайтарған. – Өзіңізге жететіні қалай? Даңғарадай мектеп салып беріпсіз... – деп едік, ол мән-жайға енді түсіндім дегендей ыңғай танытты да, “жүрегінде иманы бар әр адам осылай істеуге тиіс емес пе?” – деп бізге қарсы сұрақ қойды да, жауабымызды күтпестен: біз бәріміз Алланың құлымыз. Құранда қолың­нан келгенше қайырым­дылық жаса демей ме. Ендеше, біз тапқан қаржының бір бөлігі ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Қара басын ғана күйттеу адамдыққа жатпайды. Мүмкіндігің келе ме, ел тірлігіне өз үлесіңді қос. Өйткені, біз сол халықтың арқасында дәулет жинап отырмыз. Олай болса, оны ел игілігіне жұмсау жауапты іс емес пе?! Жас ұрпақтың дұрыс азамат болып қалыптасуынан біздің елде ешкім тысқары қалмайды. Және бізді осылай істе деп мәжбүрлеп жатқан да ешкім жоқ. Өз көңіліміздің қалауы, сондықтан оны дабырайтып, ерлікке балау ұят болады деп өз сөзін түйіндеді. Бұдан кейін аймақ басшысы кәсіпкердің әлгі сөзін жалғап әкетіп, бұл елде ұрпақ тәрбиесіне әркімнің өзін жауапкер сезінеті­нін, жуырда ғана Қожелі әкімші­лігінің 40 мың студентке грант бөлгенін әңгімелеп кетті. Ара­мыз­дан біреу әлгі сөзді жаңсақ естідім бе десе керек, қанша сту­дентке грант бөлінгенін қайталап сұрап еді, жауабы әлгіндей болды. Осы сәт бәріміз де таңдай қағып, бір-бірімізге қарағанбыз. Несін жасырайық, мектеп салып, 40 мың студентке грант бөлмек түгілі, жарлы- жақыбайды жинап, бір мезет тегін ас берген біздегі кейбір ағайынның барша ақпарат құралдарын жинап, алты алашқа жар салатыны еске түскен... Жә, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Осы күндері біз­дің елдің қалталылары да бірте-бірте елге қарай бет бұра бастады ғой. Алайда, олардың ба­сым бөлігі ұлан-асыр той жасап, ата-баба­сына ас беріп, бәйге өткізіп, оның жүлдесіне әлденеше мәшине тігіп, қайтсем атымды шығарамын деп әуре. Сол бауыр­ларымыз ел ішінде құлағалы тұрған, ит жылы салын­ған ескі ғимаратта мектеп оқушы­лары­ның үш ауысыммен оқиты­нын, олардың арасында компью­тер дегеннің атын естігені болма­са, қолымен ұстап көрме­гендері аз емес екендігін білмеуі мүмкін емес-ау. Айтайын дегенім де осы. Орталау ғана білімі бар түрік кәсіпкерінің ісі мен сөзі осы азаматтарға ой салса дейсің. Иә, бүгінгідей білімге баса көңіл бөлініп жатқан заманда бәрін мемлекет мойнына арта бермей, елден жиналған дәулеттің бір бөлігін халықтың игілігіне жұмса­са, нағыз сауапты іс осы емес пе?! Бұған сіз не дейсіз, ағайын? Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.