Жергілікті Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде ол мұндай зертханалар ашуды облыстың барлық ірі жұмыс берушілері де қолға алуы керектігін айтты.
– Әлеуметтік азаматтық жауапкершілік танытыңыздар, қызметкерлеріңіздің денсаулығына қамқорлық жасаңыздар және қызметкерлеріңізді тестілеу үшін көшпелі зертханалардың жұмысын ұйымдастырыңыздар. Бұл өз кезегінде вирус анықталған жағдайда таралу тізбегінің жолын кесуге мүмкіндік береді, ал дер кезінде басталған емдеу аурудың ауыр түріне көшуіне жол бермейді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Бүгінде мұндай зертхана тек Қарағанды қаласында ғана жұмыс істейді. Оның қуаты тәулігіне 1 200 адамға тест жасауға ғана жетеді.
«АрселоМиттал Теміртау» компаниясы Теміртауда зертхана ашу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты. Сәтін салса, мұнда күн сайын мыңдаған тест өткізілетін болады.
Жезқазғанда қуаты тәулігіне 500 тест болатын ПТР-зертханасын іске қосу жоспарланған. Оған қажетті құрал-жабдықтар «Қазақмыс» корпорациясының есебінен сатып алынды. Мұндай зертхананы Балқаш қаласында да ашу жоспарда бар.
Қазіргі таңда күннен күнге өршіп бара жатқан коронавирустың салдарынан медицина саласындағы мәселелерге тың көзқараспен қарау қажеттігі туындады. Мысалы, бүгінде Қарағанды облысында ауруханалар мен емханалар қарқынды түрде жаңғыртылуда. Ғимараттар ішінде қосымша инфекциялық бөлімшелер ашу үшін қайта жоспарлау жүргізіледі, төсектердің саны арттырылады. Облыста инфекциялық қызметті қалпына келтіру және дамыту бойынша өңірлік жоспарды жүзеге асыру көзделген.
Биылғы жылдың қараша айына дейін облыстық бюджеттен 905 млн теңге бөліп, жеті нысанды қалпына келтіру және жаңғырту жоспарда бар. Инфекциялық бөлімшелерді қосымша жабдықтауға 400 млн теңге қарастырылған.
Жеңіс Қасымбек облыстағы клиникалық эпидемиологтардың барлығы кәсіби деңгейлерін міндетті түрде арттырулары керек деп санайды. Сонда ғана облыста заманауи стандарттарға жауап беретін, білікті мамандармен қамтамасыз етілген инфекцияға қарсы қауіпсіздіктің мықты инфрақұрылымы құрылатынын атап өтті ол.