Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтанда карантин мен жағажай маусымына дайындық мәселесі талқыланды

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімдігінде ТЖ алдын алу және салдарын жою бойынша комиссия отырысы өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен жиында карантин шараларын сақтау және шомылу маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Нұр-Сұлтанда карантин мен жағажай маусымына дайындық мәселесі талқыланды

Жиынға қатысушылар атап өткендей, қалада коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу үшін санитарлық-профилактикалық жұмыстар істелуде. Қазір студенттер мен оқушылардың қаладан шығу және кіру алгоритмі, әлеуметтік осал топтың, әсіресе аз қамтылған халықтың КВИ-на талдауды тегін жасау мәселесі қаралып жатыр.

Тағы бір маңызды мәселе – алдағы шомылу маусымына дайындық. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының м.а. Есен Байыровтың айтуынша, осы күні елордада 90 тыйым салу белгісі, 20 ақпараттық стенд, 20 қалқымалы белгі орнатылды. Жалпы, суға түсу маусымы кезінде күн сайын жеке құрамның 20 қызметкері, 14 қайық, 1 гидроцикл патрульдеуге шығады. Сондай-ақ қоғамдық құтқарушылар мен қала әкімдігінің азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығының 15 маманы жұмылдыралады.

Есен Байыров өрт қауіпсіздігі мен балалардың терезеден құрау оқиғаларын да тілге тиек етті. Соңғысы қаладағы өзекті мәселе болып тұр. Себебі 2018 жылдан бастап бүгінге дейін 51 бүлдіршін терезеден құлап кеткен.

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жиынды қорытындылай келе, қалалық жағажайлардың абаттандырылуы мен судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін айтты.

«Құрметті әріптестер, күн жылынып, суға түсу маусымының ерте бастауына орай, қала аумағындағы тегін жағажайлар ашыла бастайды. Оларды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес абаттандыру керек. Жағажайларда басқа да қажетті құралдардан бөлек судың температурасы, тереңдігі мен басқа да маңызды мәліметтерді қамтитын ақпараттық стенд орнатылуы тиіс. Тұрғындар жағажайда карантин мен санитарлық нормаларды сақтауы керек», – деді әкімнің орынбасары.

Бақтияр Мәкен балалардың судағы қауіпсіздігі үшін алдымен ата-аналары жауапты екенін еске салды. Сондықтан қандай жағдай болса да, балалардың суға үлкендердің қарауысыз түсуіне жол берілмеуі керек.