«Симптоммен келген науқастардың саны 15-16% көлемінде. Жалпы науқастардың 70%-ы симптомсыз тіркелгендер. Бұл науқастарды табу үшін біз Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, алдын алу профилактикалық скринингтік жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Президент тапсырмасы бойынша қазіргі күнде скринингтің көлемі күніне 3-4 мың болса, қазір 25 мың тестке көбейттік», - деді Елжан Біртанов.
Министр үлкен ұжым қызметкерлерін скринингтен өткізудің маңызы туралы айтты.
«Жалпы осы эпидемия басталғаннан бері елімізде 711 мың тест жасалды. Олардың 260 мыңнан астамы, 40%-ы профилактикалық скрининг деп айтуға болады. Осындай үлкен ұжымдарға шығып, медициналық ұйымдарға, арнайы әлеуметтік ұйымдарда скрининг өткізіп, біраз науқастарды тауып, изоляцияға жіберіп жатырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе», - деді министр Біртанов.
Көп жағдайда азаматтар «мен ауырмаймын, ешқандай сипмтомдар жоқ, неге мені ауруханаға жатқызады» деп сұрайтынын айтты.
«Симптомсыз науқастар басқаларға инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Бұл – белгілі жағдай. Сонымен, бүкіл дүниежүзіндегі ғылыми зерттеулердің негізінде осындай симптомсыз науқастарды изоляцияға жіберуіміз керек. Оларды ауруханаға жатқызамыз. Қазір мүмкіндік болса үйлерінде немесе арнайы карантиндік стационарға жатқызып, басқа халықтан оқшаулауымыз керек. Кейбір мемлекеттерде бұл науқастарды санамайды, жалпы статистикаға кірмейді. Бірақ біз бұны дұрыс емес деп ойлаймыз. Біз Қазақстандағы тәртіп бойынша барлық науқасты есепке кіргіземіз», - деді Елжан Біртанов.