Коронавирус • 27 Мамыр, 2020

Дезинфекциялық шараларды әрі қарай жалғастыра береміз - Елжан Біртанов

224 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте елдегі дезинфекциялық шаралардың әрі қарай жалғаса беретінін айтты.

Дезинфекциялық шараларды әрі қарай жалғастыра береміз - Елжан Біртанов

«Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясының шешімімен санитарлық шараларды енгізу және оны сақтауға мән беріледі. Біз дезинфекциялық шараларды әрі қарай жалғастыра береміз. Көшелерде, дүкендерде, транспорттарда дезинфекциялық шараларды жасау аса  маңызды. Сақтық шараларын қатаң ұстансақ, инфекцияны тоқтата аламыз», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ министр төтенше жағдай кезінде сақталған карантин шараларының арқасында елде вирус жұқтырғандардың саны өзге елдермен салыстырғанда көп болмағанын сөз етті.

«Соңғы екі айдың ішінде елімізде жоғары деңгейде карантин режимі сақталды.  Бұл әрине барлығымыз үшін жеңіл болған жоқ. Ол экономика мен әлеуметтік өмірге қатты әсер етті. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен сақтық шараларының арқасында еліміздегі індет жағдайы бақылауда деп айтуға болады. Себебі басқа елдермен салыстырғанда бізде науқастар саны мен қайтыс болғандар саны көп емес», деді ол.

Бұдан соң, ол қазақстандықтарды әлі де сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

«Елімізде пандемия әлі біткен жоқ, вирус әлі де арамызда бар. Сол себепті санитарлық шараларды сақтау маңызды. Әр адам өзінің және жақындарының  денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы керек. Осы аптаның басында Мемлекет басшысы Үкіметке және жергілікті мемлекеттік органдарға тағы да нақты тапсырмалар берді. Тапсырмаға сәйкес, біз санитарлық шараларды бақылауда ұстаймыз. Осы ретте азаматтар да әрбірінің денсаулығы өз қолында екенін ұмытпауы керек», - деді Е.Біртанов.