Қазақстан • 27 Мамыр, 2020

Ерлан Қарин Ұлттық кеңес мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы айтты

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында айтылған ұсыныстар толықтай орындалды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Карин айтты.

Ерлан Қарин Ұлттық кеңес мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы айтты

«Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне қарамастан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ауқымды жұмыс жүргізді. Ең алдымен Ұлттық кеңестің мүшелері Мемлекет басшысының 2-отырыста берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстарға белсене қатысты. Берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында Президент Әкімшілігінің басшысы 21 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Осыдан кейін мемлекеттік органдар және Ұлттық кеңес мүшелері бірлесе отырып, берілген бағыттарды жүзеге асыруға кірісті. Әсіресе, заң жобалары бойынша жұмыс топтарындағы талқылауларға қатысу Ұлттық кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс бөлігін құрады. Ерлан Саиров, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қожахметов, Асхат Садырбай, Марат Бәшімов, Мұрат Әбенов бейбіт жиналыстар, саяси партиялар және сайлау туралы заң жобалары бойынша жұмыс топтарының талқылауларына күн сайын қатысып, өз ұсыныстарын енгізіп отырды. Жалпы алғанда мұндай шамамен 20 талқылау өткізілді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен Парламентте парламенттік оппозиция институтын енгізу, Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминилизациялау, 174-бапқа өзгерістер енгізу бойынша басқа да заң жобалары қарастырылды», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Ерлан Саиров пен Айдос Сарым Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен коронавриусқа қарсы күрес жағдайында әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету үшін құрылған «Біргеміз» қорының қамқоршылық кеңесіне кірді. Оған қоса, еліміздің өңірлерінде коронавирсқа қарсы іске асып жатқан күрес шараларының тиімділігі Ұлттық кеңес мүшелерінің тарапынан үнемі бақылауда болды.

«Марат Шибұтовтың сұранымы негізінде Алматы қаласындағы жүк тасымалы бойынша кейбір мәселелер түзетіліп, жақсартылды. Айдос Сарым БАҚ жұмысының жекелеген сұрақтары және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының өсуі бойынша мәселе көтерді. Ал Асылбек Қожахметов Ақмола облысындағы жедел штаб жұмысымен танысты. Президент кеңесшісі Бағдат Мусиннің жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы мектеп оқушыларын қашықтан оқыту процесін тиімді ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты. Төлеутай Рахымбеков ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арнайы онлайн кеңес өткізіп отырды. Сондай-ақ танымал құқық қорғаушы, адвокат Айман Омарова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, онлайн режимде халыққа құқықтық кеңес беру бойынша жобаны іске асыра бастады.  Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының 11 бағыты толықтай жүзеге асты. Оған қоса бірқатар заңнамалық актілердің жобалары Парламентте талқылаудан өтуде. Сондықтан Ұлттық кеңес мүшелері дайындаған ұсыныстардың негізгі бөлігі іске асты деуге болады», - деді Президент кеңесшісі.