Президент • 27 Мамыр, 2020

Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет - Президент

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында айтты.

Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет - Президент

«Пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтыны байқалды. Денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселе орталықтың тікелей араласуымен шешіліп отырды. Сондықтан төтенше жағдай кезіндегі басқару ісін нақты құрылымға сай бір орталықтан жүргізу керек болады. Сонымен бірге, елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталды. Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми базада білікті мамандар да бар. Сондықтан үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуы тиіс», - деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырды.

«Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технология тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн. Осыған орай фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл ретте саланы дамыту және халықты тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керек. Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырамын. Онда нақты көрсеткіштер мен мақсат-міндеттер айқындалуы тиіс», - деді Президент.