Аймақтар • 27 Мамыр, 2020

Қарабалық құс фабрикасы өндіріс қуатын арттырады

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Poultry-Agro» құс фабрикасы өндірісті жаңғырту жұмыстарын қолға алды.  Кәсіпорын мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып өндірістік қуатын арттыруды көздеп отыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, серіктестік жылына 20 мың тонна   құс етін шығара бастайды. 

Қарабалық құс фабрикасы өндіріс қуатын арттырады

Аймақ басшысы Қарабалық ауданына жұмыс сапары барысында аталмыш құс фабрикасына соғып, өндірістегі өзгерістер барысымен танысты. Кәсіпорын басшысының айтуынша, ілкімді жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Фабриканың бүкіл өндірістік құрылымын жаңалауға 4 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Нәтижесінде 260 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Облыс әкімі одан кейін аудандағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Қарабалық өңірінде бұл бағдарлама бойынша 4 жоба іске асырылып жатыр екен. Олардың жалпы құны 305 млн теңге болады. Бүгінге дейін 84 жұмыс орны ашылған, оның тьең жартысына тұрғындар еңбекпен қамту орталықтары арқылы орналасқан.  

          Қарабалықтағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап шыққан әкім одан кейін «Агро-Торо» серіктестігінің егін алқабында жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесті.   Басқосу барысында көктемгі алқап жұмыстарының барысы мен ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы талқыланды. Қарабалық ауданының диқандары биыл 244,7 мың га алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр.