Sputnik халықаралық ақпараттық агенттігінің алаңында Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов пен одақтың бас директоры Нұрлан Жұмағұлов осы тақырыптағы сауалдарға жауап берді.
Рашид Жақсылықов айтқандай, отандық мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету саласы қазір сын сағатты басынан өткеріп жатыр. Бұрын мұнай бағасы құлдыраған кезде елімізде жұмыс істейтін компаниялар сынақтан сүрінбей өткен. Бірақ бұл жолғы дағдарыс ерекше ауыр соғуда.
– Баға қыспағы жұмысымызды тежеп тұр, бұл – бір. Екіншіден, санитарлық нормаларды сақтап, жұмысшыларды таратпай, өндірісті тоқтатпау керек. Соған қарамастан, мемлекеттің қаржы қамбасына түсім түсірудің амалын қарастырып жатырмыз. Мемлекет басшысының шешімімен, экономиканың салаларын бөліп-жармай, барлығына көмектесу туралы ұйғарым жасалды. Біздің салаға қатысты министрліктердің негізгі мақсаты – түсетін салықты неғұрлым азайтпау. Бірақ одан басқа да мәселелер бар. Қазір мұнай операторларымен арада келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мақсат – 25 жыл бойы Ұлттық қор қаражатының 55 пайызына дейін түсірген компанияларды және ондағы жұмыс орындарын сақтап қалу. Кейбір жерлерде жалақының 70 пайызын, кейбір жерлерде 50 пайызын төлесек те, жұмысшыларды әзірге тарата қойған жоқпыз. Алайда мұның бәрі қысқа мерзімді, 2-3 айды ғана қамтитын көмек. Әрі қарай жағдай не болмақ? Індеттің таралуы тоқтап, осыған дейін қолға алынған жобалар жалғасын тапса, онда сынақтан аса қатты қиналмай өтеміз. Ал егер індеттің екінші толқыны келсе, жобалар жалғаспаса, жағдай ауыр болатыны айдан анық, – дейді ол.
Жағдай ауыр болатыны сол, ІІІ тоқсанда мұнай-газ секторындағы 9 мыңнан астам адам жұмыстан қысқаруы ықтимал. Қазірдің өзінде Tengizchevroil Атыраудағы жобаларында жұмыс істейтін 18 мың адамды үйіне қайтаруға мәжбүр болды. 18 мың адам тек 1 вахтада істейтінін, оларды тағы осынша адам ауыстыратынын ескерсек, бұл көрсеткіш 2 есе көп екені түсінікті. Осы 36 мың адамға компания маусым айының ортасына дейін жалақы төлейді, одан кейін не болары әлі нақтыланбаған.
– Tengizchevroil, Karachaganak Petroleum Operating B.V. сияқты ірі компаниялармен күнделікті диалог құрып отырмыз. Олар 10 күн көлемінде мұнай-газ саласына қызмет көрсету жобаларын көрсетеді, – деді Рашид Жақсылықов.
Одақтың бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, пандемияның таралуына жол бермеу үшін вахта кезеңі 28 күннен 90 күнге ұзартылыпты. Кен орындарының басында айлап жұмыс істейтіндердің жалақысын 1,5-2 есеге дейін ұлғайтуға тура келген. Яғни компаниялардың еңбекақы төлеу қорына үлкен салмақ түсіп жатыр деуге болады. Өкінішке қарай, Үкімет тарапынан фискальды шараларды жеңілдетуге қатысты ешқандай қолдау көрсетілмеген.
– Былтыр 1 100 ұңғы бұрғыланды, биыл бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болады деп күтіп отырмыз. «Салық жеңілдіктері жасалғанымен, атқарылатын жұмыс болмаса, бұл бизнеске ешқандай пайда әкелмейді. «Теңіз» болашақ даму жобаларынан басқа біздің ірі жобамыз жоқ. «Қашағанды» кеңейту жобалары әлі талқыланып жатыр, «Қарашығанақтағы» жағдай да тура сол сияқты. Біздің сала 2 жылда бюджетке 1 трлн теңгеден астам түсім түсірді. Мұнай сервисі компаниялары салық жеңілдіктері жасалмаса да жұмыс істеуге дайын, – дейді Нұрлан Жұмағұлов. Бірақ ол үшін саланы қолдайтын нақты шаралар керек. Мұнай сервис саласына қазір ең керегі – келісімшарттар мен игеретін қаржы. Инвесторлар келе бастағаннан бергі аралықта жергілікті компаниялар батыстың компанияларымен бір қатарда жұмыс істеді, өзара жақсы түсініседі. Қазақстандық мұнай сервис компаниялары Энергетика министрлігінің бизнесмендермен бірлесіп ең болмаса жыл соңына дейін қабылданатын шараларды айқындап бергенін қалайды.
Осы жиында айтылғандай, қазіргі таңда мұнай сервисі саласындағы компаниялардың 50 пайызы банкрот болудың алдында тұр. Егер алпауыт компаниялармен арада ірі келісімдер жасалмаса, олардың біразына жабылу қаупі төнеді.