Қаржы • 28 Мамыр, 2020

Қазір банктер мемлекетке көмектесетін кезең

583 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бизнестің «әлеуметтік жауапкершілігі» сияқты, банктердің де «экономикалық жауапкершілік» деңгейін байқайтын уақыт келді. Пандемия кезінде бірен-саран банктің «сырқаттанып» қалғаны болмаса, жалпы елдегі банк жүйесі дағдарысқа төтеп бере алатындай жағдайда. Олай болса, бұған дейінгі дағдарыстардың дауылынан мемлекеттің көмегімен аман қалған қаржы институттары енді мемлекетті дағдарыстан алып шығуға атсалысуы керек.

Қазір банктер мемлекетке көмектесетін кезең

Қарыз қайтпай қалуы мүмкін

Moody’s агенттігі өткен айда Қазақ­стан­ның банк секторының жағдайы кезекті рет бағалап, нәтижесінде бірер ай бұрын «тұрақты» деп сипатталған банк жүйесі енді «теріс» деп бағаланып отыр. Банк сек­торының бұлайша әлсіреп қалуының себебі түсінікті – пандемияның әсері. Со­ның ішінде негізгі екі себепті атап өт­кен жөн. Ол: борышкерлердің төлем қабі­ле­тінің төмендегені және жаңадан несие алу­шылардың азайғаны.

Мемлекет несие төлемдері бойынша «дем­алыс» алып бергенімен, нашар несие­лердің үлесі көбеймесе, азаяр емес. Radius Advisory Lab консалтингтік ком­паниясының болжамынша, проб­лемалық несиелердің үлесі былтыр 18 пайыздың айналасында болса, биыл 22 пайызға дейін өсіп кету қаупі бар. Соның ішінде 90 күннен кешік­кен төлемдердің үлесі қазіргі 8,9 пайыздан тамыз айына дейін 17,6 пайызға жетуі ық­тимал.

Нашар несиелердің үлесінің көбеюі пандемияға дейін де проблема болғаны жа­сырын емес. Былтырдан бері бірнеше ай бойы жүргізіліп, биылғы жылдың басында аяқталған AQR атты банк секторының тәуелсіз тексеру қорытындысында елдегі төрт ірі банктің жағдайы мүшкіл екені атал­­ған еді. Олар: АТФ, ЦентрКредит банкі, Еуразия банкі және Нұрбанк. Ал коро­­н­а­вирустың таралуымен бұл тізім тіпті ұл­­ғаяды. Ал жоғарыда аталған төрт банк­­тің жағдайы бұрынғыдан да нашарлай тү­се­тіні белгілі. Қысқасы, қаржы инсти­тут­тары үшін бұрын оңды-солды беріл­ген несиесін кері қайтарып алу қиын­ға тү­сіп тұр.

 

Ұлттық банк «жұмсармай-ақ» қойды

Банк секторындағы екінші проблема – жаңадан несие алушылардың аздығы. Рас, жыл басынан бері банктердің активтері айтарлықтай өсті. Қаңтардың басында 26 трлн теңгенің үстінде болған екінші дең­гейлі банктердің активтері сәуірдің соңын­да 28 трлн теңгеден асып жығылды. Төрт айдың ішінде актив көлемін 7 пайыз­дан артық ұлғайтып алған қаржы инсти­тут­тары енді жыл соңына дейін осы көр­сет­кішті ұстап тұра алса да жаман болмас еді.

Банктерден қарыз алушылардың азаюы­­ның жалпы себебі түсінікті. Алай­да оны жіктеп айтар болсақ, несие алушы­лар­дың азайғаны экономикалық өсімнің бәсең­деуіне, тіпті кері кетуіне және Ұлт­тық банк­тің ақша-несие саясатының әлі де болса қа­таң­дығына байланысты. Қа­ра­пайым тілмен айтқанда, кәсіпкерлер банк­терден несие алып, сол қаражатқа істерін кеңейтуге құ­лық­ты емес. Себебі, бизнес тоқы­рап қалды. Коронавирустың тағы бір айналып соқпай­тынына кепілдік жоқ.

Екіншіден, Ұлттық банктің бекіткен база­лық мөлшерлемесі – 9,5 пайыз әлі де бол­са көп. Пандемия болмай тұрғанда бас банк жыл басында теңгені 9,25 пайыз­бен берген-ді. Одан кейін мұнай күрт арзан­да­ғанда теңге одан сайын құлдырап кетпеу үшін базалық мөлшерлемені 12 пайызға көтерді. Артынша  бұл бизнеске одан са­йын соққы болуы мүмкін екенін ескеріп, қай­та түсірді. Бірақ сол төмендетілген меже­нің өзі экономиканың «сау» кезіндегі дең­гейден жоғары болып тұр.

Әрине ішкі сұраныс пен экономикалық даму көрсеткішіміз шектеулі болған­дық­тан, банк секторы белгілі бір деңгейден артық несие бере алмайды. Алайда кейде қарапайым халықтың да, бизнестің де несие алуына кедергі келтіретін факторлар да жоқ емес. Соның бірі – теңгенің ба­за­лық мөлшерлемесінің жоғарылығы. Қар­жы­герлердің Ұлттық банкке қашаннан айтып келген уәжі – сол базалық мөлшерлемені ба­­тыс ел­деріндегідей төмендетіп жібер­ме­­се де, ең болмаса Ресейдегімен шама­лас етіп 5-7 пайыз аралығында ұстап тұ­ру. Оған Қа­зақстан экономикасының да, қар­­жы жү­йе­сінің де шамасы жетеді деуге болады.

Қалай дегенде де, экономиканың төмен­деуі мен ақша-несие саясатының банк­тер үшін қолайсыздығын ескере келіп, халықаралық рейтингтік агенттіктер қазақ­стандық банктердің жағдайын жыл басын­да айтылғандай «тұрақты» деп емес, «теріс» деп бағалап отыр. Жекелеген банк­тер­ге тоқталар болсақ, Standard & Poor’s агенттігі ЦентрКредит банкі мен АТФ бан­кі­нің рейтингін «В/В» «тұрақты» деп көр­­сетсе, Fitch Ratings агенттігінің баға­­лау­­ынша, Халық банк пен Форте банк­­тің көр­сеткіштері төмендеп, тиісінше «BB+» және «В» болды. Еуразиялық банктің де рейтингі «тұрақтыдан» «теріс» көрсет­кіш­ке түсіп қалды.

 

Әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек

Дағдарыстың салқыны күшейген са­йын, бизнестің «әлеуметтік жауапкершілігі» секілді, банктердің «экономикалық жауап­­кершілігін» байқайтын кез келгені ай­қын сезілуде. Қазіргі кризис әлеуметтің ға­на емес, жалпы ел экономикасының сы­нала­тын тұсы. Бір кездері елдегі екін­ші дең­гейлі банктер бірінен кейін бірі «сыр­қаттанып» жатқанда оларға мем­лекет салық төлеушілердің ақшасын бөліп, қиын­­дықтан құтқарып қалғаны белгілі. Же­ңіл­­детілген пайызбен берілгені бар, тегін та­ратылғаны бар, мемлекет бірер жыл­­дың ішінде қаржы институттар­ын күй­рет­пеу үшін жүздеген миллиард қа­ра­жат жұмсады. Енді осы қайырым­ды­лық­­ты екінші деңгейлі банктер қайтаруы керек секілді.

Онсыз да дағдарыста банктерге қосым­ша салмақ салу қаншалықты орынды де­ген сұрақ туындауы мүмкін. Жалпы, эконо­миканың әлсіздігі мен ақша-несие саясатының қатаңдығының кесірінен банк секторы әлсірегені рас. Алайда рейтингтік ұйымдардың сарапшыларының бір ауыздан айтатыны – банктерде дағдарысты еңсе­руге жеткілікті деңгейде капитал жи­нақ­талған. Бұл – шешуші көрсеткіш. Мәселен, 2019 жылдың басында банк секто­рының жиынтық меншікті капиталы 3 трлн 17 млрд теңге болса, 2020 жылдың қаң­тарында аталған көрсеткіш 3 трлн 648 млрд теңгені құрады.

Бір жылда 20 пайыздан артық өсетін банк секторы бүгінгі таңда еліміздегі ең пайдалы бизнестің бірі болып тұр. Бизнес қаржыландыруға жарымай жатқанда банк­тер артық капиталды соңына дейін ұстап отырғаны, олардың бизнеске сенбейтіні, әрі кетсе мемлекеттің берген ақшасын үйлес­тіріп отырғанды ғана жөн көретіні өз ал­дына бөлек күрделі мәселе. Бұл сауал­дар­дың жауабын соңғы бірнеше жылдың бедерінде ешкім таба алмай келеді.

Не де болса, банктер мемлекет пен ха­лық алдында экономикалық жауапкершілік таны­тып, күні бүгінге дейін жинақталған 3,7 трлн теңгеге жуық капиталды дағда­рыс­ты еңсеруге бағыттаса мемлекет тара­пы­нан құйылған қайтарымды-қайтарым­сыз мил­лиардтардың қайтарымы болар еді. Өз кезегінде Ұлттық банктің жоғарыда ай­­тыл­ғандай, экономиканы несиелен­ді­ру­ді кө­бейту үшін базалық мөлшерлемені 6-7 пайызға дейін түсіргені артық болмас еді.

Қорыта айтқанда, қазіргі дағдарыс экономиканың бір ғана секторына қатысты емес. Мұнайдың арзандауынан ел бюджеті кірісінен айырылып, Ұлттық қордың кірі­сінен шығысы көбейгенде мемлекеттің көмегі бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан банктердің экономикалық жауапкершілік танытып, өз бетінше әрекет етіп, ақша табатын уақыты келді. Мәселен, Қазақстанның сыртқы қарызының ішінде екінші деңгейлі банктердің қарызы былтырдан бері 4,7 пайыз көбейіп, 4,8 млрд долларға жеткен. Сыртқы қарыздың өсімі ел ішінде әрқи­лы пікір тудырады, әрине. Алайда бұл отандық банктер сырттан да ақша табуды үйрене бастағанын көрсетсе керек.