Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Талдықорғанда үшем дүниеге келді

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәуір айының соңында Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталды орталықта үшем дүние есігін ашқан еді.

Талдықорғанда үшем дүниеге келді

Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылда тұратын Иманғабыловтар әулетіне ұлан-асыр қуаныш сыйлаған екі ұл мен бір қыз бір ай бойына дәрігерлер бақылауында болды.

- Туғанда екі ұлдың салмағы 1 кило 800 грамм және қыз 2 келі еді. Перзентханада 500 грамм салмақ қосқанша ұстадық. Енді тиісті сақтық шараларын жасап, үшемді үйіне шығарып салдық. Балалар кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Перзентханада бір ай бойына үшемдер мен анасының денсаулығын қатаң бақылауға алдық. Өйткені, нәрестелер уақытынан бұрын дүниге келгендіктен кез келген уақытта қиындық тууы мүмкін болды. Қазір үшемнің денсаулығы жақсы, жағдайлары қалыпты, - дейді Талдықорғандағы перзентхана директоры Қанат Жұмашев.

Үшемнің анасы Маржан Иманғабылова Алдабергенов ауылындағы орта мектепте ағылшын тілінен сабақ береді екен.  Бұған дейін екі баланы дүниеге әкелген ол енді көпбалалы ана атанды. Ал үшемдердің денсаулығы Ескелді аудандық орталық ауруханасының назарында болмақ.

- Үшемдердің күтіміне ауылдағы медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстайды. Сонымен қатар үшемдерді балаларға арналған тамақпен қамтамасыз ететін боламыз, - деді аудандық аурухананың бас дәрігері Роза Ибраева.

Айтпақшы, биылдыққа  Алматы облысында екінші рет үшемдердің кіндігі кесілді. Жақында Жамбыл ауданында жас ана үшемді дүниеге әкелген болатын.