Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Атырау: Үш аптада 17 бала жоғалды

1697 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әр ата-анаға бауыр еті-баласынан көз жазып қалу оңай дейсіз бе? Десек те, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1-25 мамыр аралығында «102» нөмеріне жасөспірімдердің жоғалу фактісіне байланысты 20-ға жуық хабар түсіпті.

Атырау: Үш аптада 17 бала жоғалды

– Осы кезеңде  3-8 жас аралығындағы сәбилердің жоғалуы бойынша  7 факті, 8-14 жастағы балаларға қатысты 5, ал,  15-17 жастағыларға қатысты  5 факті тіркелді. Балалардың  барлығы дерлік аман-есен табылды. Тек 20 мамырда «Жұлдыз» ықшам ауданындағы үйінен шығып кетіп, жоғалған 1,5 жасар сәбиді аман-есен табу мүмкін болмады, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Атырау қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, хабар-ошарсыз кететін жасөспірімдер негізінен  2-3 сағатта  табылады екен. Көбінесе, кішкентай   сәбилер  үй маңында ойнап жүріп,  басқа көшеге кетіп қалады. Сөйтіп, олар өз үйін таба алмай,   адасып  кетеді. Кейде жоғалған баланың ата-анасы полицияға жүгінуге асықпай, өздері іздейді. Баланы таба алмаған соң ғана полицияға хабар береді.

– Ересектердің қарауынсыз жүрген балалардың жол көлік оқиғаларына түсіп қалу  жайттары да жоқ емес.Тек мамыр айында балалардың қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаладағы  И.Тайманов көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің  тұсында орналасқан жаяу жүргінші белгісі тұсынан өтіп бара жатқан 2016 жылы туған  жасөспірімді, Т.Амандосов көшесіндегі колледж маңында 2004 жылы туған жасөспірімді, Геолог ықшамауданында  2015 жылы туған жасөспірімді жол бойында  көлік  қағып, салдарынан  бір жасөспірім   жарақат алды. Қалған екеуі  жарақатсыз  үйіне жеткізілді, - деді баспасөз қызметінен.

Тәртіп сақшылары  жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін  қатерлі жағдайлардың алдын алу,  болдырмау мақсатында ата-аналар үшін түрлі жадынамалар таратып, профилактикалық әңгімелесулер өткізіп жүр.

– Ойнап жүріп, өздерінің тұрғылықты жерінен ұзап, кейін адасып қалатындардың дені – 2 мен 6 жас аралығындағы сәбилер. Бұған балаға жауапты (бағушы,күтуші, сәбидің өзінен үлкен аға-апасы)  ересектердің  балаларды  көзден тасада қалдыруы себеп болып отыр, - дейді полиция қызметкерлері.