07 Сәуір, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Зұлымдықтарын мойындады Сербияның парламенті 1995 жылы Сербия басшылығының қолдауымен босниялық сербтер­дің босниялық мұсылмандарды зұ­лымдықпен қырып-жойғаны үшін әлем алдында кешірім сұра­ды. Сонда босниялық сербтердің көсемдері Радован Караджич пен генерал Ратко Младичтің басшы­лы­ғымен Сребреница қаласында сегіз мың қарусыз мұсылман­дар­ды қырып салған еді. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен геноцидтік айуандық әре­кет болды. Жауыз Караджич қа­зір Халықаралық әскери три­бу­нал түрмесінде отырса, қанішер генерал Младич әлі қашып  жүр. АҚШ әзір отыр КХДР-да жағдай күрделі. Бұл жайында АҚШ-тың Тынық мұ­хит аймағындағы теңіз жаяу әс­ке­рі корпусының қолбасшысы генерал Кейт Сталдер ой бөлісе келіп, Солтүстік Кореяда жағдай бұдан бетер ушыға түссе, бұл елдегі атом қаруын бақылауға алу үшін оған теңіз жаяу әскерін жіберулері мүмкін деді. Оның ойынша, солтүстік пен оңтүс­тік­тің әскери қақтығысынан бұрын КХДР-ға қауіп – Ким Чен Ирдің күйреуі. Сондай жағдайда елдегі атом қаруы бақылаусыз қалмауға тиіс. ХАМАС-ты атқылады Жұма күні Израильдің әскері Газа секторын зымыраннан атқылап, радикалдық ХАМАС ұйымының біршама нысандарын істен шығарды. Бейсенбі күні израиль жағы Газа үстінен парақ­шалар тастап, жергілікті халыққа әскери нысандарды атқылайты­нын ескерткен көрінеді. Шы­нын­да да, әскери қару-жарақ шы­ғарумен айналысатын төрт фабрикаға үлкен зардап келтірі­ліпті. Әскерилердің “Газадағы лаңкестік әрекеттерден Израиль азаматтарына қауіп төнуіне ке­ліспейтіндігі” жөніндегі мәлім­де­месіне қарағанда, бұл аймақта жуық арада тыныштық бола қоймастай. Бородиннің сандырағы Жақында бұрын да өзінің даңғойлығымен көзге түсіп жүрген Ресей-Белоруссия одақтас мемлекеті дейтіннің мемлекеттік хатшысы саналатын Павел Бородин Белоруссия елшісі В.Долголевтің одақтас мемлекет құрудан бұрын Кеден одағына көбірек көңіл бөлу керек деген пікіріне түсініктеме жасап, “Одақтас мемлекетке жақында Қазақстан да, Украина да және басқа да біздің республикалар кіреді”, деп жауапсыз мәлімдеме жасады. Үкімет демалыста Норвегияда Пасха мерекесі алдында елдің бүкіл Министрлер кабинеті демалысқа кетті. Мұны олар өздерінше еңбек заңдылы­ғын қатаң сақтайтындығымен тү­сіндіретін көрінеді. Үкімет жеке адам емес, бүкіл елдің жұмысын тоқтатып қойғанда, олардың ұтатыны да көп бола қоймас. “Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды” деген мақал, сірә, осындайда айтылса керек. Қытайдағы құрғақшылық Бүкіл әлемді топансу әлекке түсіріп жатқанда, Қытайдың біраз аймағын аптаған ыстық күйдіріп, құрғақшылықтан халық қатты зардап шегіп жатқан көрінеді. Көктемнің алғашқы айының аяғында-ақ 7,73 мил­лион гектар егістік жер күйіп ке­тіп­ті. Күн ыси келе оның көлемі көбейе түсуі әбден мүмкін. 25 миллион адам, сондай-ақ 18 мил­лион күш көлігі ішетін суға да зәру болып қалыпты. Өзгенікіне тиіспе Жапония парламентінің жо­ғар­ғы палатасының депутаты Масатеси Вакабаяси дауыс бер­ген кезде қасындағы жоқ депутат үшін түймені басып, дауыс беріп жібергені анықталған соң, пар­ламенттен кетуге мәжбүр болды. Оның әрекеті фотоға түсірілген екен, ол жұртқа көрсетіліпті. Сиқырға жаза бар Ливанның белгілі тележүр­гі­зу­­шісі Әли Сабат өз телешоу­ла­рында өзінше болашаққа болжам айтып, көрермендерге кеңес беріп жататын. 2008 жылы ол Сауд Арабиясына қажылыққа бар­ған кезінде жергілікті поли­ция оны жұртты сиқырладың деген айыппен қамауға алған еді. Енді оның басына өлім жазасына кесілу қаупі төніп тұр. Бұл елде сиқырлыққа тыйым салынған. Әңгіме бұл елдегі сиқырлыққа деген нанымға тіреледі. Әйтпесе, өркениетті елдерде бұл күлкі тудыратын нәрсе ғой. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.