«Бүгінде еңбек етуге ниетті адамға жұмыс көп. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған вертикализатор мен IT-арба жасау көптен бері көкейімізде жүрген болатын. Тәуекел деп, қолдағы бар материалдармен ойға алған дүниемізді жасап көрдік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Көңілімізден шықты. Бірнешеуін қолжетімді бағамен сатылымға шығардық», дейді Мадияр Кәрібаев.
Жас кәсіпкерлердің кәсіппен айналысудағы негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу. Олар бұл кәсіпті одан әрі жалғастыратынын айтады. Пайда табуды емес, қайырымдылық жасауды көздеген азаматтар алғашқы жасаған бұйымдарын Тараз қаласындағы №1 балалар ауруханасына аз қамтылған отбасылардың балалары үшін сыйға тартқан. Бұл құрал-жабдықтар аяғын дұрыс баса алмайтын және сіңірі созылған балалар үшін өте қолайлы әрі пайдалы екен. Енді жас кәсіпкерлер бұл кәсіпті одан әрі дамытуды көздеп отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілген қаражатқа ғимарат сатып алып, жергілікті азаматтарды жұмысқа қабылдауды жоспарлауда. Қазіргі таңда 4 адамды жұмыспен қамтып, тиісті жалақысын төлеп отыр. «Кәсіп болғаннан кейін түрлі қиындық да кездесіп жатады. Алғашқы уақытта біраз қиналдық. Бірақ, талпынысымызды одан әрі күшейтіп, жұмысымызды жолға қойдық. Қазір еңбектің заманы. Мемлекет бұл үшін бізге жағдай жасап отыр», дейді Ахан Әжмағанбетов.
Жамбыл облысы