Нұр-Сұлтан қалалық сауда және қызмет көрсету саласы бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысовтың айтуынша, басты ескертулер қызметкерлер мен клиенттердің маска кимей жүруіне және санитайзерлердің жеткіліксіз болуына байланысты жасалады.
«Қателіктер мен санитарлық шара талаптарын орындай отырып, кәсіпкер өз жұмысын жалғастыра алады. Алғашында нұсқау беріліп, ескерту жазбаша түрде жасалады. Тексеріс барысында СЭС және полиция департаментінің қызметкерлерінің жұмыстары айқын көрінеді. Егер ескертулер жойылмаса, кәсіп иелері айыппұл төлеуге міндетті. Шағын бизнес-100 АЕК, орта бизнес - 200 АЕК, ірі бизнес-300 АЕК-тен 500 АЕК-ге дейінгі соммада айыппұл төлейді», - деді Р.Ыдырысов.
Естеріңізге сала кетейік, 21-26 мамыр аралығында 150-ден астам кәсіпорынға мониторинг жасалды. Санитарлық нормалардың сақталмауына байланысты 12 нысан: кафелер, мейрамханалар, барлар, азық-түлік дүкендері, спа-салондар және т.б. жабылды. Ал «Бруно», «Roofork» секілді мейрамханаларға ережелер орындалмағаны үшін айыппұл салынды.