Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Жол құрылысына мониторинг жүргізілуде

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол салуға немесе жөндеуге кеткен қаражаттар кейде желге ұшқандай сезім тудырады. Өйтпей ше... Биыл ғана бәленбай миллиондарды шығындап  жөнделген жол арада 2-3 жыл өтпей-ақ қайтадан жөндеуді талап етіп, шұқанақтар мен шұңқырларға толып шыға келеді.

Жол құрылысына мониторинг жүргізілуде

«Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының белсенділері осы мәселені ескеріп, жол жөндеушілердің жұмыс сапасын тексеруді қолға алды. Мұның өте маңызды және қажетті іс екенін ескерген облыс тұрғындары оған қолдау білдіруде.

Жуырда олар Қызылжардың іргесіндегі Бескөл селосындағы 22 шақырымдық жол құрылысын жүргізу сапасын тексерді. Бұл жолға мемлекеттік бюджеттен 800 млн теңге бөлінген. Жол жөндеу тендерін Бабкен Мартиросян басқаратын облысқа белгілі «Дорожник. Ашық аспан» ЖШС ұтып алыпты. Жұмысты күзге дейін бітіруді қолға алған кәсіпорын қазір қызу әрекетке кіріскен.

Дегенмен жүргізілген жолдардың сапасыздығын «нұротандықтар» бірден байқады. Соның ішінде, тексеру тобының мүшесі Алан Жуков жолдың тегіс еместігін, әлден ирелеңдеп жатқанын айтты. «Ертең жүк көліктері жүре бастағанда бұл жолдардың сапасыз екендігі бірден көрінеді. Осының себебін сұрағанымызда бізге мердігер тапсырыс берушінің геодезистің жұмысына сметада қаражат қарастырмағанын айтты. Ал жердің қатты-жұмсақтығын, қысымын тек сол мамандар анықтайды. Соған сәйкес біз қиыршықтасты қалың немесе жұқа төсер едік дейді. Ондай мамандықтың қорытындысы болмағандықтан біз барлық жолға асфальтты теңдей төсеудеміз» деп жауап беріпті.

Сөйтіп, салынып жолдың өзінен сапасыздық анықталып жатыр. Бұл мәселені  «нұротандықтар» тиісті орындарға жеткізбекші. Тек содан дұрыс нәтиже шықса игі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы